Жетісу облысында 358 елді мекеннің 37-сі газбен қамтылған - Үкімет

Молдатай Сымбат

2026 жылдың соңында «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры іске қосылады

Жетісу облысында 358 елді мекеннің 37-сі газбен қамтылған - Үкімет
Фото: ҚР Үкіметі

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Жетісу облысына жұмыс сапары аясында «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Газ құбырының жалпы ұзындығы 302,4 км құрайды. Жоба аясында 6 газ бұру құбыры мен автоматты газ тарату стансаларын салу көзделген. Газ құбырының өткізу мүмкіндігі – жылына 385 млн м3 газ.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов нысанды іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланып отырғанын баяндады. 

Жаңа «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етеді. Құрылысы аяқталып, іске қосылғаннан кейін облысты газдандыру деңгейі 90%-ға дейін өседі.  

Жалпы, Жетісу облысында 358 елді мекеннің 192-сі газдандыруға жатады, 37 елді мекен газбен қамтылды, 334 мың адам (47,6%) газға қол жеткізді. Елімізде барлығы 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты газбен қамту деңгейі 60%-ды құрады (12 млн адамға газ қолжетімді).   

«Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды инфрақұрылым жобаларын іске асыруға Үкімет ерекше мән береді. Экономика үшін басым жобаларды қаржыландыруғ «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингтерінің, ішкі капитал нарығының ресурстары мен қаражаты, тікелей шетелдік инвестициялар мен жеке капитал белсенді түрде тартылуда. «Самұрық-Қазына» қаражаты есебінен 42 газбен қамту жобасын іске асыруға 10,4 млрд теңге бөлінді. Бұл жыл соңына дейін Жетісу облысындағы тағы 30 елді мекенді газбен жабдықтауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.