Сарапшы «Жол картасы» туралы: «Көбіне маусымдық жұмыс орындарын ашып жатыр»

Автор: Azattyq Rýhy

Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларға бөлген қаражатының ашықтығы сөз болды

фото: kapital.kz

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өткізген онлайн-брифингте Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларға деп бөлген қаражаттың ашықтығы қалай бақыланатыны талқыланды. «Integrity Astana» коммерциялық емес ұйымының директоры Жанат Нұрғалиев сарапшы ретінде пікір білдіріп, көрермен сұрақтарына жауап берді.

Бұл ұйым мемлекеттік ұйымдар мен орталық атқарушы органдар жанындағы қоғамдық кеңестермен бірге жұмыс істеп, оларға (әкімдіктер мен меморгандарға – авт.) бюджетті оңтайландыру туралы, керексіз шығындарды азайтып, тиімді пайдалану жолдарын ұсынады. Бүгінгі брифингте ол дағдарысқа қарсы бағдарламаларға бөлінген қаражаттың көлемі мен тиімділігі арасында қандай байланыс болу керек екенін түсіндірді.

«Мәселен, Үкімет 300 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын алайық. Бағдарламаның мақсаты - жаңа жұмыс орындарын ашу. Қандай жұмыс орындары ашылғанына қарап, жоба қалай қаржыландырылып жатқанын көреміз. Көбінесе, бағдарлама бойынша маусымдық жұмыс орындары ашылғаны байқалады, яғни, ол жол жөндеу, құрылыс жұмыстары және тағы басқа.

Бірақ мемлекет уақытша жұмыс орындарын ашуға үнемі қаржы бөле алмайды ғой. Сондықтан, біз тұрақты жұмыс орындарын құруға көшуіміз керек. Нақты бұл бағдарламада бөлінген қаржының көлемі емес, оның экономикаға кәдімгі кері пайдасын тигізгені керек. Халықтың төлем қабілеті артып, экономикада серпін пайда болуы шарт», - дейді сарапшы.  

Жанат Нұрғалиевтың айтуынша, бағдарламаның тиімділігіне баға беру үшін әлі уақыт керек. Жалпы, ол «Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының тиімді-тиімсіз болғанын кем дегенде тоғыз айдан кейін, яғни, 2020 жылдың күзінен бастап бағалауға болатынын айтады.

Айта кетейік, Қазақстанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы алғаш рет 2013 жылы қабылданды. Сол жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 102 млрд теңге, 2014 жылы 98 млрд теңге, 2015 жылы 94 млрд теңге, 2016 жылы 95 млрд теңге жұмсалған. Бағдарламаның бірінші кезеңі – 2015 жылы, екінші сатысы – 2016-2019 жылдары аяқталған. Мақсатты индикатор – 2020 жылы Қазақстандағы жалпы жұмыссыздық деңгейін 5 пайыздан, әйелдер арасындағы жұмыссыздықты 5,5 пайыздан асырмауы керек болатын.

Ал, Статистика комитетінің соңғы мәліметі бойынша, еліміздегі жұмыссыздық көрсеткіші – 4,8 пайыз.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан