Алматы әкімі Тоқаевқа есеп берді: жыл басынан бері 32 мың жұмыс орны ашылды

Azattyq Rýhy

Жыл соңына дейін 2 триллион теңге инвестиция тартылады

Алматы әкімі Тоқаевқа есеп берді: жыл басынан бері 32 мың жұмыс орны ашылды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ерболат Досаев биылғы бірінші жартыжылдықтағы Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы туралы баяндады:

  • аталған кезеңде Алматыда инвестициялық өркендеудің жоғары қарқыны байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,8 пайызға өсіп, 714,8 миллиард теңгеге жетті;
  • жеке инвестицияның көлемі 21,1 пайызға ұлғайды, оның ішінде IT-секторда, сондай-ақ туризм, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және көлік салаларында өсім бар;
  • жыл соңына дейін 2 триллион теңге инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр;
  • 2024 жылдың басынан бері 32,7 мың жұмыс орны ашылды. Оның 75 пайызы тұрақты жұмыс орны.

Ерболат Досаев қоғамдық көлікті жаңарту мен экологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша мәлімет берді:

  • биыл экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 70 пайызға дейін артады. Былтыр бұл көрсеткіш 53,7 пайызды құраған;
  • жергілікті бюджет есебінен жыл соңына дейін газбен жүретін 600 автобус, 100 электрлі автобус, 112 троллейбус сатып алынады. Сондай-ақ қаланың троллейбус паркі толығымен жаңартылады.

Қаланың жоғарғы бөлігін сумен қамтудың резервтік схемасын жасау жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы баяндады.

Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары биылғы шілде айында аяқталып, 6 жаңа ұңғыма және 1,5 шақырым магистральдық құбыр пайдалануға берілді. Нәтижесінде қосымша схеманың қуаты 60 пайызға артты. Бұл Медеу ауданының 50 мың тұрғынын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Досаев. 

Сонымен қатар, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты:

  • биыл 4 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының құрылысы және 12 емхананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады;
  • жыл соңына дейін 11 жаңа медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы мен емхана құрылысының жобасы жасалады;
  • осы жылы маусым айында Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында «Фетальді хирургия» пилоттық жобасы жүзеге асты. Бұл жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр.

Мектептердегі орын тапшылығын азайту бойынша, жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 3,7 мың орындық 8 нысан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 6,4 мың орындық 10 жеке меншік мектеп ашылады, - деді әкім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамытуға, сондай-ақ Алматы экономикасын әртараптандыру аясында шағын және орта бизнес үлесінің өсуі есебінен кірісті одан әрі арттыруға баса назар аударуды тапсырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.