Абай облысы «қызыл аймақтағы» өңірлер қатарында: ЖЭО қашан жаңғыртылады
Облыс бойынша жылу желілерінің 64,2% тозған

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Семей қаласындағы апатты ЖЭО жаңғырту барысын бақылап, инженерлік инфрақұрылымның жылу беру кезеңіне дайындығын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысы «қызыл аймақтағы» өңірлер қатарына кіреді. Облыс бойынша жылу желілерінің 64,2% тозған.
Бүгінгі таңда 28 жоба іске асырылуда. 37,9 шақырым желі мен 17 жылу көзін салу және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға 10,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков коммуникациялар тозуының 57,7%-ға дейін төмендеуі күтіліп отырғанын айтты.
«ЖЭО-1-де су жылыту қазандығы мен сорғы тобының төртінші қазандығы жаңғыртылды. 90 жылдық тарихы бар жылу көзі – «қызыл аймақтағы» объектілердің тізіміне енгізілген, және қаладағы ең ірісі. ЖЭО-1 «Теплокоммунэнерго» МКК құрамына кіреді. Сондай-ақ кәсіпорынға 70 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз ететін 76 жылу пункті мен 21 қазандық кіреді. Белсенді тұрғын үй құрылысын және қолданыстағы жылу желілерінің жоғары тозу деңгейін ескере отырып, жылу және электр қуатының тапшылығы байқалады», - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда Семей қаласының сол және оң жағалаулары автономды түрде жылумен жабдықталған. ЖЭО-1 сол жағалау тұрғындарын жылумен қамтамасыз етеді, оң жағалауда бұл функцияны 21 қазандық атқарады.
Үкімет басшысы ЖЭО-3 және оның магистральдық желілерін салу жобасының іске асырыла бастағанын еске салды. Жобаны 2030 жылға дейін 3 кезеңде іске қосу жоспарланған.
Биыл 44 көппәтерлі тұрғын үйді, 1200 орынға арналған мектепті және нефрологиялық орталықты пайдалануға беру жоспарланып отырған Қарағайлы ауданындағы құрылысты ескере отырып, премьер-министрге қуаты сағатына 21,5 Гкал құрайтын блокты-модульді қазандық салу жобасы таныстырылды. Құны шамамен 5,9 млрд теңге болатын энергетика объектісін салу жұмыстары құрылыс салушының қаражаты есебінен басталды.
«Абай облысында, оның ішінде Семей қаласында жылумен жабдықтау мәселесі өте күрделі екені белгілі. Инженерлік желілердің тозуы мен жергілікті ЖЭО жағдайы бойынша өңір “қызыл аймаққа” жатады. Осы жылдың соңына дейін жылу көздерін сапалы жаңғырту жұмыстарын жүргізу – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бұл мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында», - деді Олжас Бектенов.
Жылу желілерін жаңғырту, апаттық жағдайлардың алдын алу, тозуды азайту және инфрақұрылымның эксплуатациялық сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берілді. Энергетика, Қаржы министрлігіне ЖЭО-3 магистральдық желілері құрылысын қаржыландыру тетігін пысықтау тапсырылды.