Үкімет тасқын кезінде су шайған жолдарды жөндеу үшін төтенше резервтен тағы 22,7 млрд теңге бөлді
Бұл қаражат облыс әкімдеріне беріледі
Қазақстан үкіметі көктемгі су тасқыны салдарын жойып, зақым келген жолдарды жөндеу үшін төтенше резервтен қосымша тағы 22,7 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы ақшаға Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдар мен көпірлер жөнделмек.
«Атап айтқанда, Ақтөбе облысында 31 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішінде Ырғыз – Нұра, Ырғыз – Құттыкөл, Құмтоғай автожолдарындағы су өткізгіш құбырларды, Ойыл ауылына апаратын автожолды жөндеу, Ойыл өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы көпір өткелі құрылысы бар», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ бұл ақшаға Ақмола облысындағы Атбасар қаласына апаратын жол бөлігін, Атбасар – Сочинское автожолын қайта жаңарту, Жалтыр – Макинск автожолын, Қалқұтан ауылына, Жамбыл және басқа да елді мекендерге кіреберіс жолдар жөнделу керек.
«Қостанай облысында 22 бағыттағы жолдар, Солтүстік Қазақстан облысында 10 жол, оның ішінде Көкшетау-Омбы бағытындағы жол жөнделеді», - деп уәде етіп отыр үкімет.