Әзірге байланыс желілері 637 ауылға жүргізілген
2020 жылдың соңында кеңжолақты интернетке қосылған ауылдар саны 5 163-ке жетеді. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Үкімет отырысында айтты.
«Еліміздегі 118 қала мен 4 235 ауылдық елдімекен тұрғындары, бұл шамамен, 18 млн адам, қазірдің өзінде 3G/4G байланысын пайдалана алады. Ол үшін ел басшылығының тапсырмасы бойынша байланыс операторлары бүгінде 2 ірі ауқымды жобаны жүзеге асыруда», - деді министр.
Оның сөзінше, бірінші жоба – талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ КЖҚ) салу. «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ және «SilkNetCom» ЖШС бірлескен консорциумы талшықты-оптикалық байланыс желілерін осы жылдың соңына дейін 1 250 ауылға жеткізуі тиіс. 20 сәуірге дейін оптикалық желі 637 ауылға жүргізілген.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев бүгінде 373 ауылдық елдімекеннің талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылғанын айтады.
«Елімізде енгізілген төтенше жағдай мен карантиндік шараларға қарамастан, жұмыс кестеге сәйкес жүруде. 828 ауылдың 400-і сәуірдің соңына дейін, ал тағы 50-ге жуық елдімекенді мамырдың соңына дейін қамтымақпыз. Оптикалық желі тарту жұмыстары Қазақстанның он облысында жүргізіліп жатыр», - деді ол баяндамасында.
«Транстелеком» АҚ басқарма төрағасы Жанболат Надыров компания 1 шілдеге дейін 168 ауылдың интернетке қосылатынын хабарлады. Екінші кезең бойынша 250 және одан да көп адам тұратын ауылдарды 3G/4G технологиясы арқылы кеңжолақты интернетке қосу көзделген.
Жоғарыда айтылған екі жоба жүзеге асатын болса, 5163 ауыл жылдамдығы жоғары интернетке қосылып, ел халқының 99,3%-ы 3G/4G қызметін пайдаланбақ.
Министр жоспардағы жұмыстардың бәрін іске асыру үшін әкімдіктер тарапынан көмек сұрады. Атап айтқанда, байланыс операторларының жабдықтарын орнатуға және сол жабдықтарға электр энергиясын жеткізуге жер учаскелерін бөлу мәселесі өзекті.
Ал Үкімет басшысы Асқар Мамин Цифрлық даму министріне интернетке қосу жобаларын уақытылы жасауға, әкімдерге қажетті жер бөліп беруге тапсырма берді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан