Резервтен 90 пайызы тозған Нұра топтық су құбырын жөндеуге ақша бөлінді

Azattyq Rýhy

Бұл – 24 елді мекенді сумен жабдықтаудың жалғыз көзі

Резервтен 90 пайызы тозған Нұра топтық су құбырын жөндеуге ақша бөлінді
Фото: istockphoto.com

Үкімет резервінен Нұра топтық су құбырын реконструкциялауға 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Тиісті қаулыға ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінгі таңда ұзындығы 337 шақырым Нұра топтық су құбыры – Ақмола облысының Егіндікөл, Қорғалжын және Атбасар аудандарының 24 елді мекенін сумен жабдықтаудың баламасыз жалғыз су көзі. Бұл ретте 1967 жылы салынған магистральдық желінің пайдалану уақыты тиісті мерзімінен 2 есе асып кеткен. Су құбырының тозуы 90%-ға жеткен. Әсіресе, Қорғалжын және Егіндікөл аудандарының аумағы арқылы өтетін учаскеде жағдай күрделі. Ол жердегі негізгі құрылыстарды дереу ауыстыру және реконструкциялау қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алатын 20 жаңа су қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарында су қоймаларын салу көзделген.

Сондай-ақ жалпы көлемі 1,9 млрд текше метр болатын қолданыстағы 15 су қоймасын реконструкциялау жоспарда бар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.