«Біздің Үкімет арманмен өмір сүреді»: Елнұр Бейсенбаев бюджет қаражатын меңгеру туралы пікір айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Халық қарызға өмір сүріп жатыр

Фото: primeminister.kz

AMANAT фракциясы республикалық бюджеттің 2023 жылғы орындалуына байланысты бірқатар мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы 2 есеге өсіру межесін тапсырғаны белгілі. Осыған орай, Үкімет пен билік үшін алдағы 6 жылдық тынымсыз жұмыс пен қажетті шешімдер қабылдайтын кезең болмақ. Дегенмен, экономиканың ахуалын бейнелейтін бірқатар көрсеткіш әлі де көңіл көншітпейді.

Мысалы, елімізде жұмыс істейтін 10 миллион адамның 9 миллионында несие бар болса, ал борышкерлер реестрінде, яғни, қарызын қайтара алмай, қиналып жүрген жеке тұлғалар саны – 3,4 миллион адам», - деді депутат Елнұр Бейсенбаев.

Оған қоса, еліміздегі тұтынушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 18,2 трлн теңгені құрап отыр. 1 жылда несие алушылардың сомасы 5 триллионға өскен.

«Бұл цифрлар – халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының айқын көрінісі. Бұл бір. Екінші, 2023 жылғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған. Оның ішінде 70 млрд теңге игерілмеген, 87 млрд теңге қазыналық шотта қалып қойған. Сол секілді елімізде төлемдердің шамамен 70 пайыздан астамы банк карталары мен жүйелері арқылы қолма-қол ақшасыз түрде жүргізілсе де, көлеңкелі экономиканың үлесі үлкен. Ол ресми деректер бойынша 25%-ті құрайды. Ал бейресми мәліметтер бойынша одан әлдеқайда көп», - деді депутат.

Үшіншіден, бұрынғысынша Қазақстанның мемлекеттік бюджеті кірістерінің 40%-ы табиғи рента есебінен қалыптастырылады. 2023 жылы бюджеттің жоспарланған кіріс бөлігі салық түсімдері бойынша тек 90,4%-ға орындалды. Мысалы, корпоративтік табыс салығынан бюджетке 1 триллион теңгеден астам қаражат түскен жоқ.

«Біздің Үкімет арманмен өмір сүреді. Егер бізде Үкімет нақты жоспарлай алмаса және оның қорытындысы бойынша тұтас триллион теңгенің жетіспеушілігі анықталса, онда бұл Үкіметтің бюджеттік және фискалдық саясатының сәтсіздігін көрсетеді. Бір триллион! он, тіпті, жүз миллиард теңге емес!» - деді Бейсенбаев.

Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша Үкіметтің ҚҚС қайтару бойынша бизнес алдындағы қарызы 1,2 миллиард доллардан асты.

Бұдан басқа, 2024 жылға Ұлттық қордан 2 триллион теңгеден астам көлемде трансферт жұмсалды.

«Күзде жаңа үш жылдық бюджетті бекіту кезінде Үкімет жаңа триллион долларлық трансфертті қайтадан сұрайды деген ой  бізді қорқытады. Бұның салдары сұмдық болуы мүмкін. Бұл деректер Үкіметтің жоспарлауының әлсіздігін көрсетеді», - деді ол.

Төртіншіден, Президент 2029 жылға дейін 3,3 миллион жаңа жұмыс орнын немесе жыл сайын кемінде 470 мың жұмыс орнын құру туралы нақты тапсырма берді. Осыған қарамастан, құрылатын жаңа жұмыс орындарының шамамен 80%-ы уақытша болып саналады.

«Үкімет үшін бір платформаның айқын мысалын келтіргім келеді. Мәселен, Яндекс жүйесі жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламаларына қарағанда жұмысқа орналасуда әлдеқайда тиімді болып шықты. Бейресми деректер бойынша бұл жүйеде 700 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді, олар 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 1 триллион теңге, ал Яндекстің өзі шамамен 400 миллиард теңге табыс тапты. Сонымен қатар, бұл жүйені 12 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады. Бір ғана мысал Үкіметтің жұмыспен қамтудың барлық мәні мен әлсіздігін көрсетеді», - деп келтірді депутат.

Бесіншіден. Республикалық бюджеттен квазимемлекеттік сектор субъектілерін қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2023 жылы ол 1,2 триллион теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп.

«Сонымен қатар, Мемлекет басшысының экономикадағы мемлекет үлесін 14%-ға дейін қысқарту жөніндегі міндетіне қарамастан, жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1 пайыздан кем төмендеді. Бірақ мемлекеттік қолдау шараларын көрсету және мемлекеттің қатысуын арттыру кезінде де бірқатар кәсіпорын тиімсіз болып, жабылды. Көп жағдайда төмен жүктеме болды. Бұл квазимемлекеттік сектор тарапынан жоспарлау кезінде сапасыз және көрінеу жалған талдау туралы айтады», - деді депутат.

Алтыншыдан, квазимемлекеттік сектор субъектілерін сатып алу саясатында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. 2023 жылы мемлекеттік сатып алу көлемінің 6 трлн 600 млрд теңгесінен бір көзден алу тәсілімен сатып алу үлесі 1,6 трлн теңгені немесе жалпы көлемнің 25% құрады.

Жетіншіден, Денсаулық сақтау саласында қаржы қаражатын тиімсіз бөлу бар. Саланы іс жүзінде қаржы бөлетін, тендерлер, сараптамалар, тексерулер жүргізетін, айыппұл салатын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры монополиялайды. Яғни, бәрі бір қолда!

Триллион долларлық бюджетке қарамастан, саланың созылмалы ауруы аз қаржыландырылады. Осы жерден медициналық мекемелерде миллиардтаған кредиторлық берешек пайда болды.

Келесі, ел болып табатынымыз – 14,5 триллион, ал жұмсайтынымыз – шамамен 23 трлн. Яғни, 35 процент мемлекеттік бюджет қарыздан, қордан құралады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ.

Оған қоса, мемлекеттік қарыздың сомасы жылдық бюджеттен асып жығылып 27 трлн. теңгені құрауда. Ол бойынша төлейтін қызметтік шығындарымыз жылына 3 трлн. жуық қаражатты құрап отыр.

Осы олқылықтарға қарамастан, Үкімет тарапынан бюджет тапшылығын Ұлттық қор есебінен жабу әлі тоқтамай келеді. Ал, қорымыздағы жағдай да мәз емес. Ұлттық қор деп ауыз толтырып айтқанымызбен, онда жинақталған 60 миллиард доллар Қазақстанның сыртқы қарызына пара-пар қаржы ғана. Оған қоса, ұлттық жобалардың орындалуында да олқылықтар кездеседі. Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың қарашасынан бастап іске қосылған «Жайлы мектеп» жобасы үш рет қайта қаралды. Саны да қысқарды. Бастапқы межеленген 401 мектептен 369 мектепке түсті. Сондай-ақ, әрбір мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау шығыны да 35%-ке өсіп кеткен. Ауылдағы балалардың ең үздік мектептерде білім алсын деген Президенттің бірегей жобасын сапалы әрі уақытылы орындауға міндеттіміз, - деді ол. 

Парламенттегі ең ірі фракция ретінде, жоғарыда көтерілген мәселелердің осы жылдың соңына дейін оң шешімін табуын сұрады. 

Сонымен қатар депутат Үкіметтің күрделі кезеңде жұмыс істегенін де атап өтті: 

  • Былтыр әлемде геосаяси тұрақсыздықтар, валюта нарығындағы ауытқулар мен дәстүрлі логистикалық байланыстардың үзілуі жиі орын алып, олар еліміздің экономикасына теріс әсерін тигізгені белгілі.
  • Десе де, соған қарамастан, елімізде инфляция көлемі былтырғымен салыстырғанда 2 есеге төмендеді.
  • 2023 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық экономиканың өсімі 5,1% құрады. Бұл бір.
  • Екіншіден, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару жұмысы да табысты іске асып, одан түскен қаражатқа қажетті әлеуметтік нысандар салынуда.  
  • Үшіншіден, республикалық бюджеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып келеді.
  • Төртіншіден, еліміздегі ең ірі өнеркәсіп орны «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мемлекет иелігіне қайтарылды. 

Оқи отырыңыз: Бейсенбаев Үкіметтің жұмысына «4» деген баға қойды