Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды

Автор: Azattyq Rýhy

Сапар барысында премьер Тасөткел су қоймасын реконструкциялау барысымен танысқан

Фото: primeminister.kz

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Тасөткел су қоймасын реконструкциялау барысымен және ауыл шаруашылығында қолданылып жатқан су үнемдеу технологиясымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Тасөткел су қоймасы Шу және Мойынқұм аудандарының барлық көлемі шамамен 35 мың гектардай суармалы жерін сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ осы жерден Тасөткел ГЭС қажеттілігі үшін су беріп, Шу өзенінің төменгі ағысындағы Жамбыл облысының Мойынқұм, Сарысу аудандарына және Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық су жібереді.

Бүгінгі күні су нысанында бөгеттің сейсмикалық тұрақтылығын арттыра отырып, реконструкциялау жөніндегі жобаның екінші кезегі іске асырылуда. Жер қазу жұмыстары, ұңғымаларды тазарту, өлшеу датчиктерін (пьезометрлерді) орнату 100%-ға орындалды. Апатты суқашыртқы жүйесі салынды, төтенше жағдай кезінде құлақтандыру және бейнебақылау жүйелері орнатылды, өткізу пункті жетілдірілді. Нысан биыл тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Премьер-Министр су инфрақұрылымы мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Еліміздегі барлық бөгет пен су қоймалары 1950-1970 жылдары салынған. Мемлекет басшысы Үкіметке 134 елді мекенде су басу қаупін азайту үшін 20 жаңа су қоймасын салуды және жұмыс істеп тұрған 15-ін реконструкциялауды тапсырды. Тасөткел су қоймасындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын екенін көріп отырмыз. Бірақ бөгеттің сейсмикалық тұрақтылығын арттыра отырып реконструкциялаудан кейін апатты суқашыртқы жұмысын сынақтан өткізу қажеттілігіне баса назар аударуға шақырамын», - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Жамбыл облысының әкімдігіне Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, сынақ жұмысын жүргізу мәселесін пысықтауды және нысандағы су деңгейін жобалық көлемге жеткізуді тапсырды.

Бектенов сондай-ақ Ақбұлым ауылының «Шарипов» шаруа қожалығының егістігінде су үнемдеу технологиясын енгізу жұмысымен танысты. Шаруашылықтың егіс алқабының жалпы ауданы 330 га құрайды, оның ішінде қант қызылшасына 80 га бөлінген. Сонымен қатар пияз, картоп, жүгері және дәнді дақылдар өсіріледі. Жалпы жобалық қуаты — жылына 10 мың тонна өнім.

Ауыл шаруашылығы құрылымының аумағында тереңдігі 300 метрге дейінгі 11 ұңғыма орналасқан. 6 жаңбырлатқыш қондырғы жеткізіліп, орнатылды, соның нәтижесінде тамшылатып суару қазір 160 га аумақта жүзеге асырылуда.

Жалпы, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясын енгізу және инфрақұрылымды жүргізу үшін Үкімет 80%-ға дейін инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шарасын көрсетуде. Сондай-ақ су берушілерге тікелей субсидиялар бөлу арқылы фермерлерге су беру қызметінің құны арзандатылады. Бұдан басқа, жылдық сыйақы мөлшерлемесін 2,5%-бен, 5 млрд теңгеге дейін 10 жылға дейінгі мерзімге су үнемдеу технологиясын енгізетін жобаларға несие беру көзделген.

Үкімет басшысы су үнемдеу технологиясын енгізудің және егіншілікте суармалы алқаптарды ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

Басымдық беріліп отырған ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі — қант қызылшасы, оның егіс алқабы өңірде 10,6 мың га дейін ұлғайды. Биыл орташа өнімділігі гектарына 60 мың тонна болатын 600 мың тоннадан астам өнім өндіріледі деп күтілуде. Жиын-терім бойынша болжамдарды ескере отырып, Олжас Бектенов Жамбыл облысында қант қызылшасын өңдеудің өндірістік қуатын арттыру қажеттігіне назар аударды.

Бұдан басқа, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігіне өңірде шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес бойынша барлық агротехникалық іс-шаралардың уақытылы жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды.