Елімізде сумен толық қамтамасыз етілмеген қалалар да бар
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ауылдар мен қалаларды жүз пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр ауыл халқын сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Бүгінде 6 256 ауылдың 5 130-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген.
«Қалған 1 126 ауылды 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз ету қажет. Оның ішінде 316 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында халық саны 200 адамнан аз 810 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдер орнатылады», - деді Шарлапаев үкімет отырысында.
Биыл 385 ауылды сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның ішінде 135 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету, 250 ауылда кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан 171 кешенді блок-модуль орнатуға қаражат қарастырылған. Ал Батыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарындағы 79 ауылға жақын арада жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қажет, деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қазір 65 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.
«Бұл құжаттар уақтылы дайындалмаса, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін болмайды. Ал 16 ауыл бойынша іздеу-барлау жұмыстары әлі басталмаған», - деді ол.
Осы орайда Шарлапаев қала халқын сумен қамтамасыз етуге де тоқталды. Оның айтуынша, республикадағы 89 қаланың 65-і толықтай сумен қамтылған.
«Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент, Державинск, Шемонаиха, Екібастұз және Шардара қалалары толықтай сумен қамтамасыз етіледі. 2025 жылы 19 қаланың тұрғындарын 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - деді ол.
Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қалалардағы су желілерінің құрылысы бойынша 83 жобаны іске асыру міндеті тұр. Оның ішінде, 27 жобаны биылғы жылдың соңына дейін, ал 28 жобаны 2025 жылы аяқтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, 28 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама жоқ. Атап айтсақ, Павлодар облысындағы 10 жоба, Абай облысындағы 7 жоба, Қарағанды облысында 5 жоба, Астанада 5 жоба және Алматы бойынша 1 жобада жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленбеген, деп мәлімдеді министр.