Тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс жүргізуге тыйым салынады
Үкімет Парламентке Түркістан қаласына рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту үшін ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын ұсынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды.
«Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді, басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік жасайды»,- деп түсіндірді ведомство.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау, оның айналасында бөтен құрылыс элементтеріне, көше желілерін өзгертуге жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың құрылысын реттеу аймағында биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдарымен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді.
Жалпы Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау үшін әрбір объектіге тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамаға сәйкес олардың қорғау аймақтары белгіленеді. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тиісті жергілікті жердің карта-схемалары жасалады.
Бұл ретте қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады.
«Археология ескерткіштерінің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты құрылады. Археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты археология ескерткішін тұрақты инспекциялау, оны алдын ала күтім жасау және оны қолдау бағдарламаларын пайдалануға негізделеді», - деді ол.
Еске сала кетейік, 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп тану туралы шешім қабылданған болатын.