$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.10.2019, 13:10
Үкімет

Депутаттық мандатымды тастап, саған көмекші болуға дайынмын – Б.Тілеухан министр Аймағамбетовке

«Мына түрімізбен шегіне берсек, ұрпақ миақы болады...» деді депутат Білім және ғылым министріне

Депутаттық мандатымды тастап, саған көмекші болуға дайынмын – Б.Тілеухан министр Аймағамбетовке
Фотоколлаж

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында білім саласын сынаған депутат Бекболат Тілеухан саладағы қордаланған проблемаларды шешу қажет болса, депутаттық мандатын тастап, министрге көмекші болуға дайын екенін айтты

«Жүйе құрдымға кетіп бара жатыр. Қай жағынан келсек те сын көтермейді. Мұғалім дайындау жүйесін, оқулық шығару жүйесін, орта білім жүйесін қайта қарау керек. Мына түрімізбен шегіне берсек, ұрпақ миақы болады...Асхатжан, сенен жасым аз емес, тәжірибем де аз емес. Атақтарым да көп ау деймін, тап осы мәселе шешілетін болса, депутаттық мандатымды тастап, сенің кабинетіңе барып көмекші болуға, хатшы болуға дайынмын», - деді ол.

Сондай-ақ депутат мектеп бағдарламасының қиындығы мен оқулық сапасының төмендігі келешек буынды азаптаумен тең дейді.

«Менің оқулықтарды шығару жүйесін шірік жүйе деп батыл айтуыма негіз бар. Бұл - бетонның үстіне тастаған дәнді мың жерден суарсаңыз да өспейтіні секілді. Біз ұрпақты азаптап жатырмыз. Бір есепті бала түгілі ата-анасы шығара алмайтын бұл барып тұрған қаскөйлік жүйе», - деп күйінді депутат.

Бұдан бөлек, ол 2007 жылдан бері миллиардтаған ақшаға алынған пәндік лабораториялардың жұмыс істемей, пайдасыз болып тұрғанын да сынады. Оларды іске қосатын маман жоқ көрінеді.

Еске салайық, депутат 2017 жылы экс-министр Ерлан Сағадиевті оқулықтардағы олқылықтарға қатысты жекпе-жекке шақырған еді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары