Былтыр Қазақстанның курорттарындағы қонақ үйлер 130 млрд теңге пайда тапқан
Жалпы курорттық аймақта былтыр 3,8 миллионнан астам адам демалған
2023 жылы еліміздегі 19 курортты аймақта 3,8 млн адамнан аса турист демалған. Ондағы қонақ үйлер былтыр 130 млрд теңгеден астам табыс тапты, деп хабарлайды Azattyq ruhy.
«Жыл сайын отандық курорттарда демалатын туристер саны артып келеді. Бұл еліміздегі аталған аймақтардың тартымдылығын және Қазақстанның туристік әлеуетіне қызығушылықтың артқанын аңғартады. Біздің мақсатымыз – әрбір қонақ еліміздің ыстық ықыласы мен қонақжайлылығын сезінуі үшін туристерді қабылдау шарттарын одан әрі жетілдіру», - деп атап өтті ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Туризм және спорт министрлігінің статистикасына сүйенсек, туристердің ең көп барған жері Алматы тау кластері болған. Былтыр бұл курортты аймаққа 2,3 миллионнан астам адам келген. Екінші орында Маңғыстау курортты аймағы (356,2 мыңнан астам адам), Щучье-Бурабай курортты аймағы (305,4 мың адам) және Абай облысының Алакөл көлі жағалауы (205,8 мың адам) жайғасқан.