Спорт министрі үкіметке неге 4-5 қызметкерін ертіп келеді
Париж Олимпиадасына Маржықпаевтың өзі барып қалуы мүмкін

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев үкімет отырысына неге төрт-бес қызметкерін ертіп келгенін жөнді түсіндіре алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маржықпаев елдегі туризмнің қалай дамып жатқанын баяндау үшін үкімет жалғыз өзі емес, бірнеше қызметкерін ертіп келген. Үкімет кулуарында журналистер шенеуніктен мұның себебін сұрады.
«Оларға қызық шығар, бәлкім, сондықтан жүрген болар. Әркімнің өз функциясы бар», - деп ақталды ол.
БАҚ өкілі биыл жазда өтетін Париж олимпиадасына да көп адамнан құралған делегациямен барасыз ба деп сұрады.
«Ол жаққа олай бару мүмкін болмайды. Себебі Олимпиада ойындарының белгілі бір ережелері бар. Егер 80 спортшы лицензия алса, соның жартысы, яғни қырық адам ғана еріп бара алады. Бұл қырық адамның ішіне дәрігерлер де, массаж жасайтындар да, бапкерлер де кіреді. Басымдық соған беріледі», - деп түсіндірді Маржықпаев.
Туризм министрі Париж Олимпиадасына өзі барып қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Мен ол жақта болуым керек шығар», - деді ол.
«Мына жердегі күзетшілеріңізге қарасақ, өзіңізбен көп адам апаратын сияқтысыз?» деген журналистің сұрағына:
«Мұны енді көре жатарсыздар», - деп қысқа қайырды министр.