Бизнеске кезең-кезеңмен жұмысын бастауға рұқсат береміз – Асқар Мамин

Автор: Azattyq Rýhy

Бірақ бұл қауіпсіздік шаралары қатаң сақталса ғана мүмкін болады

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин карантиндік режимге өзгерістер еніп, кәсіпкерлердің жабылған бизнесін кезең-кезеңмен ашу үшін тиісті шешім қабылданатынын мәлім етті. Басты талап – санитарлық және қауіпсіздік нормалары сақталу керек. 

«20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантиндік режим жеңілдетілді. Санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, экономиканың бірқатар салаларындағы кәсіпорындар жұмысын бастады. Соның ішінде құрылыс, өнеркәсіп, кейбір қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік режимге өзгерістер енгізу және біртіндеп жеңілдету бойынша тиісті шешім қабылданады», - деді Үкімет басшысы.

Ол енді басқа да кәсіпорындар мен бизнес субъектілеріне жұмысын жалғастыруға рұқсат берілетінін хабарлады.

«Және мұндай жұмыс елдің басқа да өңірлерінде жүргізіледі. Дегенмен, бұл санитарлық эпидемиологиялық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған жағдайда ғана мүмкін болады. Елжан Амантайұлы (Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртано – авт), мәселені қатаң бақылауда ұстаңыз», - деді тиісті тапсырма берген А.Мамин.