Мемлекеттің қолдауын көріп тұрған банктер несие пайызын ешқашан түсірмейді  – депутат

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжілісмен өнеркәсіпті дамыту үшін кәсіпкерлерге 10 пайызға дейін несие беруді мемлекет өзі қолға алуы керек деп санайды

t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов өнеркәсіптің дамуын тежеп отырған банктерді субсидиялауды тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутаттың айтуынша, банктер 17-18 пайызбен несие береді, ал бұл өнеркәсіптің дамуын тежейді.

«Онымен біз ешқандай да өнім шығара алмаймыз. Қазір бәрі банкке қызмет етіп жатыр. Сондықтан, банктерді субсидиялауды тоқтатып, жеңілдетілген несие жүйесін құруымыз керек. Егер ондай жүйе құрылмаса, өнеркәсіп те, экономика да дамымайды», - деді Сабильянов мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында.

Ол өнеркәсіп министрлігіне LIBOR (Лондон банкаралық ұсыныс ставкасы) принципі бойынша жылдық мөлшерлемесі 6-9%-дан аспайтын жеңілдетілген несие беру жүйесін құруды ұсынды.

Бұдан бөлек, депутат шағын және орта бизнеске қолдау көрсету арқылы Қазақстанның Даму банкін реформалау қажет деп есептейді.

«Жалпы Қазақстанның Даму банкі арқылы шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беруді қолға алмайынша, банктердің несиесін төмендету мүмкін емес. «Даму» қоры субсидия беріп жатыр, бірақ ол банктерді қаржылдандыру деген сөз. Мемлекет өнеркәсіпке 10 пайызға дейін несие беруді қолға алып, оны қолдауы керек. Сонда банктердің өзі 18-20 пайыздық несиелердің пайызын төмендетеді. Әйтпесе мемлекеттің қолдап отырғанын көріп отырып, олар ешқашан да пайызын азайтпайды. Міне, осы бағытта жұмыс істеу керек», - деді мәжілісмен.