Депутат коронавирустан да тез тарап жатқан тағы бір «індет» барын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты онлайн несие беретін компанияларды тексеруді талап етті

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымоваға сауал жолдап, онлайн несие беретін компаниялардың бәрін тексеріп шығуды талап етті.

«Төтенше жаңдай мен карантинге байланысты табысынан айрылған азаматтар тұтынушы несие алуға мәжбүр. Бұны микроқаржы ұйымдар, ломбардтар, интернет арқылы, үйден шықпай-ақ несие алуға шақыратын онлайн компаниялар тиімді пайдаланып отыр. Ешқандай анықтамасыз, тез, бірнеше минутта ақшаға қарық қыламыз деген «еліктірер» жарнама интернетте толып жүр», - дейді Жамалов.

Айта кетейік, 2020 жылдың 23 наурызында төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктік емес несиелеу саласын жөнге келтіруді тапсырған болатын. Осылайша, заң бойынша жылдық тиімді үстемеақы 56 пайыздан, ал, несиені төлемеген жағдайға салынатын айыппұл мен өсімпұл көлемі күніне төленбеген несиенің 0,5 пайызынан аспауы керек еді. Ал, Жамаловтың айтуынша, онлайн несие берушілер бұл заңды белшесінен басып, жылдық үстемақыны 100 пайызға дейін жеткізіп отыр. «Несие алған адам соңында оны 600-700 пайызға дейін артық төлеуге мәжбүр болады» деген депутат нақты мысалдар да келтірді.

«Несие беруші компаниялардың қазір қолданып жүрген нақты бір келісімшартын мысалға келтірейін. «Кредит 24» деген компанияның келісімшарты мынау: «қарыз алушының мәліметтерін тексеру үшін үшінші тұлғаның есебіне алынатын төлем». Яғни, бұл шұғыл несие рәсімдегені үшін компания алатын пайыз. Мәселен, шұғыл 100 000 теңге алған адам несиені «тез» бергені үшін 27 150 теңге комиссиялық төлем төлейді. Бұдан өзге, келісімшартта несие төлемін кешіктірген әрбір күн үшін 3000 теңге айыппұл төлеп отыруға міндеттейтін талап бар», - деп түсіндірді Жамалов.

Мәжіліс депутатының айтуынша, жоғарыда келтірілген талаптардан бөлек, компания несие алушы ең алдымен қызмет үшін алынатын комиссия, үстемақы сияқты компанияның мүддесіне қатысты төлемдерді төлеуі керек деген міндет қойған. Яғни, несие алған адам бірнеше жыл бойы негізгі қарызын емес, компанияның «ауадан» алған төлемін өтейді. 

«Таң қаламын. Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттік мұндай жағдайға неге жол беріп отыр? Бұл індет қазір коронавирустан да тез тарап жатыр!», - деді депутат.

Депутат агенттік басшысынан 100 пайыз үстемақымен несие беретін компаниялардың қызметін тексеруді талап етті. Аманжан Жамаловтың мәліметіне сүйенсек, қазір Қазақстандағы онлайн несие нарығының негізгі бөлігін өте жоғары үстемақымен қарыз беретін 10 компания жайлап алған. Депутаттың тағы бір басты талабы – ол осы уақытқа дейін 100 пайыз үстемақымен жасалған келісімшарттарды жарамсыз деп тану. Үшіншіден, Аманжан Жамалов 2020 жылдың 1 маусымын күтпей, жеке тұлғаларға қарыз беріп жатқан ұйымдардың тізімін жасауды сұрады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан