Биыл 643 ауылға интернет жеткізіледі
Вице-министр интернетке деген сұраныс айтарлықтай көбейгенін айтты
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов биыл 1200-ден астам ауылға интернет жеткізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Қазір 1200-ден астам ауылды интернет желісіне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде 607 ауыл интернетке қосылған. Бұл жұмыс жалғасын табады. Енді жыл соңына дейін қалған 643 ауыл тұрғындары интернетке қол жекізеді. Министрлік 13 сәуірде әкімдіктермен меморандумға қол қойды. Сол келісім бойынша, тұрғындары 250 адамнан асатын 928 ауыл жылдамдығы жоғары 3G және 4G интернетпен қамтылады», - деді Д.Тұяқов.
Вице-министр төтенше жағдайға байланысты интернетке деген сұраныс артқандықтан, жылдамдық та баяулап жатқанын атап өтті.
«Үй карантинінде жатқан адамдардан интернет жылдамдығына қатысты шағым көбейді. Ол, әрине, телекоммуникациялық байланыстарға түскен салмақтың әсерінен. Мұндай жағдай бүкіл әлемде бар. Халық стримингтік жүйелерді, онлайн жеткізу қызметтерін, мессенджерлерді жиі тұтынатын болды. 2020 жылдың сәуір айында Netflix қызметін пайдаланатындар 80 пайызға өсті. Телеграм, Скайп сияқты мессенждерлер трафигі 23-28 пайызға жоғарылады», - деді ол.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев карантин кезінде «Қазақтелеком» трафиктері 20%-ға артқанын айтып отыр.
«Google, мессенджерлердегі трафик 15%-ға жоғарылады. Оның себебі – қашықтан онлайн жұмыс істеу, видео контентті көбірек тұтыну. Наурыздың өзінде «Қазақтелекомның» абоненттік базасын 25 мың үй шаруашылығы толықтырды. Сондықтан бізге сыртқы каналдардың сыйымдылығын 365 гигабитке көбейтуге тура келді», - деді Қ.Есекеев.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан