Үнемделген қаражатты оңды-солды шашпай, экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз - Үкімет басшысы
Премьер-министр отын-энергетика кешені, көлік, байланыс және өзге де тауар нарықтарындағы бәсекелестікті дамыту керектігін айтты
Премьер-министр Олжас Бектенов бюджеттен оңтайландырылған қаражаттың экономикалық өсімді қолдауға жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Үнемделген қаражатты оңды-солды шашпай, тек экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарын қалыптастыру кезінде осы жұмыстың нәтижелерін ескеру керек. Экономиканы ырықтандыру жөніндегі тәсілдерді жалпы біз талқыладық. Біз оны қолдаймыз. Мемлекеттік қолдау теңгерімді болып, нарықтың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге және барлық қатысушылардың мүдделерін қолдауға бағытталуы тиіс. Кәсіпкерлік субъектілер еркін бәсекеге түсетін бәсекелестік құру қажет. Сонымен қатар ұлттық мүдделер мен қауіпсіздікті ескеру маңызды», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр отын-энергетика кешені, көлік, байланыс және өзге де тауар нарықтарындағы бәсекелестікті дамыту шараларына ерекше назар аудару керегін еске салды.
«Сондай-ақ жоспарда халықаралық принциптерді сақтай отырып, корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі жүйелі шаралар қамтылуы тиіс. Жұмыскерлерге еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемге қатысты әдіснамалық және техникалық мәселелер бар. Осыған байланысты Қаржы министрлігі Цифрландыру, Еңбек, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика министрліктерімен бірге бірыңғай төлемді қолдану критерийлерін қайта қарап, есептеу және төлеу механизмін оңайлату, қолдану аясын кеңейту қажет», - деді Олжас Бектенов.