«Еститін Үкімет» пен «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» Атырауға қатысы жоқ – депутат
Атырау халқы не себепті өтемақы талап етіп отыр?

«Еститін Үкімет» пен «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» Атырауға қатысы жоқ. Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Әділ Жұбанов осылай деп мәлімдеді. Өйткені, аймақтағы 70 мың тұрғын экология мәселенін жылдар бойы жырлап, әбден шаршаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy
«Қаңтар айының алғашқы онкүндігінде Атырау облысында тұрғындармен кездесіп, сайлаушылардың талап-тілегін тыңдап қайттым. Қазіргі таңда атыраулықтардың шұғыл шешуді талап етіп отырған, бір ғана мәселесі бар – ол Атыраудың экологиясын жақсартып, халыққа лайықты өтемақы төлеу мәселесі. Парламент қабырғасына келген 9 айдың ішінде осы экология мәселесін үнемі көтеріп, жауапты министрлікпен бірнеше мәрте кездестім. «Еститін Үкімет» пен «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» әзірге 70 000 атыраулықты еститін түрі жоқ», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, өңірдің экологиялық проблемаларын төмендегідей бірнеше бағыт бойынша қарау қажет.
«Бірінші, облыста мұнай және газ өндіруге байланысты. Атырау облысындағы қолайсыз экологиялық ахуал Теңіз кен орнында мұнай өндірудің өсуімен ушығып кетті. Мәселен, 2022 жылы Атырау облысының атмосферасына 131 млн тонна ластаушы зат шығарылды», - деді депутат.
Ал атмосфераға ластаушы заттардың жыл сайынғы осындай шығарындылары өңірде онкологиялық аурулармен сырқаттану – 100 мың адамға шаққанда 144,7 жағдайға, нәресте өлімі – 1000 адамға шаққанда 9,83 жағдайға, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 28,2%-ға жоғары деңгейде.
«Екінші, «Азғыр» әскери-сынақ полигонының теріс әсері. «Азғыр» әскери-сынақ полигонына іргелес Азғыр, Сүйіндік және Асан ауылдық округтері орналасқан. Азғыр күмбезді тұз қабаттарындағы 11 алаңда 160-1500 метр тереңдікте қуаты 100 кг/тонна 17 жерасты жарылысы жүзеге асырылған. Полигонның жерлерінде, сондай-ақ өсімдіктердің органикалық құрамдарында радионуклидтердің мөлшері жоғарылатылған нормада. Бұдан басқа, ауызсуда ауыр металдардың (кадмий, таллий, қорғасын) мөлшері нормадан бірнеше есе асып түседі.
«Үшінші, «Тайсойған» полигоны 1952 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданында салынды. 40 жыл ішінде әрқайсысының массасы 5,3 тонна болатын 300-ге жуық баллистикалық зымыран сыналып, шамамен 100 км² аумақты ластады. Сонымен қатар, 24 жерасты ядролық жарылысы өткізілді. «Тайсойған» полигонының салдарынан Қызылқоға ауданында жыл сайын жергілікті тұрғындар арасында өкпе, жүрек, қан тамырлары ауруларының, онкологиялық аурулардың саны артып келеді», - деп ескертті Әділ мырза.
Төртінші, «Атырау мұнай өңдеу зауыты». Атырау қаласы атмосферасының өндірістік объектілермен, әсіресе Атырау мұнай өңдеу зауытымен ластануы қауіпті деңгейге жетті.1945 жылы салынған зауыт атмосфераны ластап, 400 мыңға жуық қала тұрғындарының денсаулығына үлкен зиянын тигізуде.
«Қалыптасқан жағдайды талдау нәтижесі Атырау өңірі экологиялық қауіпсіздік деңгейі бойынша Қазақстанның басқа облыстарынан едәуір артта қалып отырғанын көрсетеді», - дейді депутат.
Осы мәселеге байланысты мынадай ұсыныстар айтылды:
1 ұсыныс. Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 405-бабына сәйкес, Атырау облысы әкімдігінің жанынан Экология және табиғи ресурстар, Денсаулық сақтау, Энергетика, Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері өкілдерінің қатысуымен, сондай-ақ сарапшыларды тарта отырып, мұнай мен газ өндіруден ластану орындарына, сондай-ақ, өңірдегі полигондарға іргелес аумақтарды зерделеу бойынша Үкімет деңгейінде комиссия құру;
2 ұсыныс. Мұнай мен газ өндіруден ластану орындарына, сондай-ақ өңірдегі полигондарға іргелес елді-мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі 2024-2029 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту;
3 ұсыныс. «Мұнай мен газ өндіруден ластану орындарына, сондай-ақ өңірдегі полигондарға іргелес аумақтарда тұратын халықтың кешенді медициналық-экологиялық ғылыми зерттеулері» тақырыбына арналған зерттеу жұмысын жүргізу;
4 ұсыныс. Қаланың қақ ортасында орналасқан Атырау мұнай өңдеу зауытын 2030 жылға дейін қаладан көшіру мәселесі шұғыл арада шешімін табуды қажет етеді.
5 ұсыныс. Атырау облысын экологиялық апат аймағы деп ресми танылғанға дейін, жергілікті бюджет есебінен мұғалімдердің, дәрігерлердің, мемлекеттік қызметшілердің, әлеуметтік және басқа да бюджет қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және оларға қамқорлық жасаушылардың мемлекеттік жәрдемақыларына, сондай-ақ зейнетақы төлемдеріне қосымша кем дегенде 50% үстеме ақы төлеу.
«Атырау облысының экологиялық жағдайын есепке алып, жалақыға, жәрдемақыға қосылатын 50 пайыз көлеміндегі үстеме ақы төлеуг Атыраудың әр тұрғыны лайық деп танылуын талап етеміз», - деп сөзін қорытындылады Әділ Жұбанов.