СҚО-да мемлекеттік мекемелер бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған – агенттік

Автор: Azattyq Rýhy

Солтүстік өңірде мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзған мекемелер анықталды

Фото: inform.kz

Солтүстік Қазақстан облысында мемелкеттік сатып алу талаптарын бұзып, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың бірнеше фактісі анықталды. Нәтижесінде жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мамандары 7 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына тосқауыл болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында арнайы келісім жасалған болатын. Келісімге сәйкес, агенттік «Бірыңғай сатып алу терезесі» сервисіне бақылау жасау мүмкіндігіне ие болды. Аталған ресурс бизнес саласындағы сауда-саттықты бақылап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

«Біздің мамандар мемлекеттік сатып алу кезіндегі жемқорлық тәуекелдерін онлайн режимде анықтайды. Ақпараттық жүйе арқылы біз негізсіз төмендетілген немесе жоғары бағаны, жеткізудің қысқа мерзімін және өзге де деректерді көре аламыз», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

Жоба іске қосылғаннан бері өңірде мемлекеттік сатып алу кезінде 7 млн теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алды алынған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қағаз, жанармай, кеңсе тауарлары сынды ұсақ заттарға жоғары баға тағайындалады. Мұндай тауарлар үлкен көлемде сатып алынатындықтан, үнемдеу сомасы да көп болады.

«Үнемдеу бойынша рейтингті жұмыспен қамтуды үйлестіру саласы, атап айтқанда Преснов әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және Тайынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бастап тұр, жалпы үнемдеу сомасы 3 млн теңгеден астам. Табиғат ресурстарын реттеу мекемелері арасында 2 млн теңге үнемделді», - деді Нұрлан Жахин.

Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, Департамент жоспарлы сатып алу бойынша жемқорлық туындауы ықтимал мекемелерге ұсыныс хаттар жолдады. Нәтижесінде 32 тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу жоспарына тиісті өзгерістер енгізді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО