Елімізде 3 мың баланың интернетке шығуға мүмкіндігі жоқ
Елімізде коронавирус инфекциясына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқуды бастады. Кейбір ауылдық аймақтарда оқушылардың интернетке қолжетімділігінің жоқ екенін ескерген үкімет үй тапсырмасын Қазпошта арқылы жіберу механизмін іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бір ескеретіні, тапсырманы Қазпошта арқылы жіберу ата-аналардың өз еркінде.
«Елімізде шағын жинақталған мектептер бар. Бүгінгі күні 1250 елді-мекенде 27 мың бала оқиды. Солардың 3 мыңында интернет немесе смартфон арқылы кері байланыс орнатуға мүмкіндік жоқ. Сол себепті біз байланысты пошта арқылы орнату мүмкіндігін беріп отырмыз. Яғни, балалар сабақты теледидардан қарап, үй тапсырмасын немесе түсінбеген жерлерін Қазпошта арқылы мұғалімдеріне жіберуге болады. Ал оны жіберіп, жібермеу ата-аналардың өз таңдауы. Ешкімді мәжбүрлемейміз», - деді министр.
Сонымен қатар, үй тапсырмасын кешкі сағат 21:00-ге дейін «Күнделік.кз» жүктеп үлгере алмай жатқан ата-аналар техникалық жағынан көптеген проблемалар туындап жатқанын айтуда. Министрдің сөзінше, үй тапсырмасын белгілі бір уақытқа дейін жүктеп үлгеруге қатысты шектеулер қойылмаған.
«Жалпы алғанда жүйе жұмыс жасап тұр, бірақ бірінші күн салмақ көп болғандықтан бүгіндікке екі рет техникалық ақаулар орын алды. Біз бұл брифингке келмей тұрып, білім бөлімі басқарламаларымен селекторлы жиналыс өткізіп, кейбір мәселелерді қайта қарадық. Сол себепті балалар мен ата-аналарға үй жұмысын сағат 15:00-ге немесе 21:00-ге дейін жүктеу міндетті деген арнайы талап жоқ», - деді ол.
Айта кететіні, қашықтан оқу «BilimLand», «Дарын онлайн», «Күнделік.кз» платформалары арқылы жүзеге асуда. Ал шалғайдағы балалар үшін кесте бойынша, «Балапан», «Еларна» телеарналары мен «Қазақ радиосында» арнайы сабақтар өткізіледі.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан.