Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды - Мәулен Әшімбаев

Аягөз Құрмаш

Палата бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр

Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды - Мәулен Әшімбаев
Фото: parlam.kz

Сенатта «Азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Іс-шара кезінде қатысушылар тиісті заңға енгізілетін түзетулерді талқылап, ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру еліміз үшін стратегиялық мәнге ие екенін және Палата бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отырғанын айтты. Сондай-ақ ол соңғы кездері жиілеп кеткен табиғи және техногендік апаттар төтенше жағдайларға қатысты заңнамалық актілерді қайта қарау қажеттігін көрсетіп бергенін атап өтті.

«Қостанай, Абай облыстарында болған ірі орман өрттері өртті сөндіруге жауапты мемлекеттік органдардың жұмысындағы түйткілдерді және бұл бағытта тиімді жүйенің жоқ екенін айқын көрсетіп берді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар бұл бағытта ауқымды жұмыс атқаруға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Спикері төтенше жағдайларға қарсы іс-қимылды жоспарлау жөніндегі қызметті жетілдірудің де маңызды екенін тілге тиек етті. Бұл ретте жаңа тәсілдерді, оның ішінде шет елдердің озық тәжірибелерін енгізу және ғылыми әлеуетті кеңінен пайдалану ерекше мәнге ие.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесінде де олқылықтар аз емес екенін айтты. Қарағанды облысындағы шахталарда болған апаттар соның салдары екені сөзсіз. Бұл бағытта алдын алу жұмыстарының жүзеге асырылмауы, тиісті бақылаудың әлсіреуі, сапасыз немесе уақтылы жүргізілмеген күрделі жөндеу, жүйесіз жобалық және техникалық шешімдер қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыратыны назарға алынды.

Қазіргі таңда әлем бойынша сейсмикалық апаттардың жиілеп кеткені белгілі. Сенат Төрағасы еліміздің географиялық орналасуына байланысты бұл мәселені де назардан тыс қалдыруға болмайтынын атап өтті. Алдын алу жұмыстарын күшейтіп қана қоймай, ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу және Үкімет пен әкімдіктер арасындағы іс-қимылды кешенді түрде жүйелеудің де өзекті екені айтылды.

«Азаматтық қорғау сияқты маңызды сала тиісті деңгейдегі қаржыландыруды қажет ететіні белгілі. Бүгінгі талқылау аталған проблемаларды тиімді шешуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Алдағы уақытта Президентіміздің осы бағыттағы тапсырмаларын іске асыру үшін бәріміз бірге нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.