$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жұмыстан босатылады: Смайылов жер ресурстарын цифрландырудағы кемшіліктер туралы

Әлихан Смайылов процесті тежейтіндердің жұмыстан шығарылатынын ескертті

 

Жұмыстан босатылады: Смайылов жер ресурстарын цифрландырудағы кемшіліктер туралы
Фото ашық дереккөзден

Үкіметте ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына (ЖБМК) қатысты мәселелерді талқылады. Ол бос жер телімдерін жедел әрі ашық түрде бөлуді, сондай-ақ республиканың жер қоры туралы ақпаратқа азаматтардың толық қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған.

«Жаңа тәсілге сәйкес, таңдау, өтінім беру мен тіркеуден бастап, жер телімдерін берудің бүкіл процесі электронды форматқа көшірілді. Барлық бизнес-процесс толығымен қайта қаралды. Қажетті қадамдар саны бірнеше есеге азайтылды, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі шамамен 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарды», - делінген хабарламада.

Жалпы, 1 шілде мен 28 қараша аралығында ЖБМК арқылы 1 млн-нан астам қызмет көрсетілді, оның ішінде 238 мың кадастрлық төлқұжат берілді. 25 млн-нан астам анықтама мен мәлімет қызмет алушылардан өтініш бермей-ақ алынды.

Талдау нәтижесінде әкімдіктер жүктеген цифрлық деректердің барлығы талапқа сай емес екені анықталды. Атап айтқанда, қолданыстағы бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына (ЕЖЖ) түзету енгізу қажет. Сонымен қатар платформада өтінімдерді уақтылы қарамау және негізсіз бас тарту фактілері анықталды.

Премьер-министр 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тиісті мемлекеттік қызметтерді тек цифрлық форматта сапалы түрде көрсету үшін барлық кемшіліктерді қысқа мерзімде жою керектігін атап өтті.

«Цифрландырудың өзі дәл осы сыбайлас жемқорлықты азайтуға және қате деректер көлемін қысқартуға, сәйкес келмейтін координаттар бойынша жер телімдерін беру фактілерін жоюға бағытталған. Бұл мәселелердің барлығы цифрландыру нәтижесінде шешілуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы аталған бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты. Мәселен, табиғи монополистердің өтінімдерді уақтылы қарамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдар электрондық түрде қызмет көрсету шеңберінде шығыс құжаттарының нысандарын бекітуі, Сауда-саттықты өткізу қағидаларына және басқа да нормативтік-құқықтық құжаттарға қажетті өзгерістер енгізуі тиіс.

Премьер-министр Инвестициялық штаб шеңберінде әр өңірдегі жұмыс қадағаланатынын баса айтты.

«Біз әр өңірдегі жағдайды жан-жақты қараймыз. Егер жаңа жылдан бастап адамдарға рұқсат беру тұрып қалатын болса, өңірлердегі тиісті жауапты тұлғаларды жұмыстан босатуға дейін жауапқа тартамыз. Біз аталған мемлекеттік қызметті ашық қылып, цифрландырғымыз келеді, ал бас жоспарлар мен ЕЖЖ қазіргі мәліметтерге сәйкес келмейді. Сондықтан көп жағдайда автоматты түрде рұқсат берілмей жатады. Бірақ, біз кері шегінбейтінімізді ерекше атап өткім келеді. Бәрібір алға жүреміз. Бұл процесті тежейтіндерді жұмыстан шығарамыз. Олардың орнына өз қызметін лайықты атқаруға бел буған адамдарды қою керек», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы жер қатынастарын цифрландыру мәселесі инвестициялық ахуалға, сәйкесінше, жаңа бизнес жобаларды іске қосу мен жұмыс орындарын ашуға тікелей қатысты екенін айтты. Сондықтан цифрландырудың экономиканы одан әрі дамыту үшін маңызы зор.

Отырыста Су ресурстарын басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу мәселелері де қаралды. Аталған жүйеде қазіргі су қоймалары, суармалы жерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің суды тұтыну көлемі және т.б. туралы мәліметтер болады. Сонымен қатар су ресурстарын алуға өтінімдер беру мүмкіндігі қарастырылған.

Премьер-министр платформаны 2024 жылдың бірінші тоқсаны соңына дейін пилоттық режимде іске қосуды, одан әрі қыркүйек айында коммерциялық пайдалануға енгізуді талап етті.

«Бізде уақыт аз. Елімізде су ресурстарының шығыны үлкен. Ал цифрландыру – суды үнемдеудің және ресурстарды тиімдірек басқарудың нақты жұмыс істейтін тетіктерінің бірі. Сондықтан біз бұл платформаны іске қосуды және жалпы су саласын цифрландыру жұмыстарын жеделдетуіміз керек», — деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары