ҚР Үкіметі Президенттің сайлауалды бағдарламасы қалай іске асырылып жатқанын баяндады
Еліміздің түрлі бағыттардағы табыстарға жету мүмкіндігі адами капиталдың сапасына тікелей байланысты, сондықтан Қазақстанда білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға айырықша көңіл бөлініп келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында аталған салаларды нығайтуға бағытталған биік мақсаттарды айқындап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Азаматтардың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапты. Әлеуметтік бюджетіміз өсіп келеді. Бұл – балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет, спорт нысандарын салуға және жөндеуге, атаулы көмекке бөлінетін триллиондаған теңге. Қаражат сомасынан гөрі әрбір мұқтаж адамның арнаулы мемлекеттік қамқорлықты сезінуі маңыздырақ екенін естен шығармауымыз керек», — делінген Президенттің сайлауалды бағдарламасында.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында ҚР Үкіметінің білім және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы төмендегі топтамада берілген.
Бұл ретте жатақханалар салуға мемлекеттік тапсырыс беру тетігі жетілдірілді. Атап айтқанда, республика бойынша жылына төсек-орын үшін норматив 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін (20%-ға) және Алматыда жылына төсек-орын үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін (20%-ға) ұлғайтылды.
2023 жылы 10,9 мың орындық 44 жатақхананы іске қосу жоспарланған, оның ішінде 25 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 19 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының 5-11 сыныптарда оқитын 200 мыңнан астам оқушысы тамақтанады. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында аталған санаттағы 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді.
Білім беру ұйымдарында балалардың тамақтану нормалары қайта қаралды: онда отандық өнімді пайдалануға, тағам сапасының мониторингін күшейтуге және саламатты тамақтануды насихаттауға баса назар аударылды.
Азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болатын «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Аталған жүйе шеңберінде балаға арнаулы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады, онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақтала бастайды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Ұлттық қор — балаларға» бастамасы шеңберінде қаражат жинақталатын болады, бұл кейіннен жинақтарды шоғырландыруға және таңдалған ЖОО-да оқуға ақы төлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ҰБТ тапсыру қорытындысы бойынша өтініш беруге болатын мемлекеттік білім гранттары сақталады. «Келешек» қосымша қолдау тетігі болады. Грантқа түскен жағдайда талапкер жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға бағыттай алады.
«Келешек» ерікті жинақтау жүйесі елімізде келесі жылдан бастап қолжетімді болады.
Жыл басынан бері 53,9 мың орындық 525 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бүгінде 89,7%-ды құрайды. Жыл соңына дейін жаңадан тағы 27,1 мың орынды іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар биыл мектеп жасына дейінгі балаларды сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету мақсатында:
Мектептерде 100% үздіксіз экологиялық білім беру, барлық ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту моделі енгізілді.
Қолданбалы ғылымды, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерін бірлесіп қаржыландыру, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау, сондай-ақ жыл сайынғы гранттар бөлу арқылы қаржыландыруды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Республикалық бюджеттен қолданбалы ғылымға 2024-2026 жылдарға 500 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Биылдың өзінде 16,9 млрд теңгеге коммерцияландыру бойынша 66 жоба іске асырылуда. 17,1 млрд теңгеге жаңа конкурс жарияланды.
Жалпы, ғылымның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар жас ғалымдарға қолдау көрсетілуде. Биылғы қазан айында 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобаларын гранттық қаржыландыруға 9 млрд теңгеге конкурс жарияланды. Сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға конкурс жарияланды.
Жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инженерлік орталықтарды, ғылыми-технологиялық парктерді құру және дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, ғылыми-техникалық инфрақұрылымды құруға қаржы бөлінді. 2023-2025 жылдары 2 ғылыми-технологиялық парк пен 2 инженерлік орталық құру жоспарланған:
Жоғары білімді интернационалдандыру шеңберінде Қазақстан-неміс университетімен бірге Yessenov University базасында инжиниринг институты ашылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғарғы мектебі ашылды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ негізінде инженерлік-техникалық бағыттағы Лу Бан шеберханасы ашылуда. ҚазҰАЗУ базасында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы ашылды. А. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде Heriot-Watt университетінің филиалы ашылды.
13 заманауи перинаталдық орталық құру, онкологиялық орталықтарды салу және модернизациялау жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Астанада еліміздегі алғашқы заманауи жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салынуда. Бүгінде жұмыстар 90%-ға орындалды: сәулелік және ядролық медицина орталықтары бар 210 төсек-орындық емдеу-диагностикалық корпус, протон терапия орталығы және т.б. Бұл Қазақстанға Орталық Азияда бірінші болып онкологиялық науқастарға протонды терапия жүргізуге мүмкіндік береді.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру шеңберінде өңірлерде жалпы саны 2,4 млн адамды қамтыған 500 мыңнан астам іс-шара мен тақырыптық дәріс өткізілді. Негізгі бағыттар – саламатты және рационалды тамақтануды насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, темекі өнімдері мен алкоголь тұтынуды азайту, психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау, жарақаттануды азайту.
Жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңеюде. Бүгінде қалалар мен ауылдық жерлерде 138 орталық жұмыс істейді. 2023 жылдың 9 айында 620 мыңнан астам адам тиісті қызметтермен қамтылды.
Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді.Бүгінгі таңда жоба шеңберінде 13 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысы аяқталды. Тағы 86 объектінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында 4 көпсалалы орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қашықтан медициналық қызметті дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, елімізде бірнеше отандық цифрлық шешімдер енгізілуде:
Жалпы 2023 жылдың 9 айында халыққа телемедициналық консультацияларды қоса алғанда, 687 мыңнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілді.