Төтенше жағдай кезінде кімдердің салықтан босатылатыны айтылды
Жыл соңына дейін ірі сауда орындары, ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер және спорт нысандары, қоғамдық тамақтану саласы, қонақүй және туристік қызмет саласында жұмыс істейтін салық төлеушілер мүлік салығынан босатылды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Жасұлан Мәдиев айтты.
«Мемлекет басшысының «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» жарлығына сәйкес, бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды. Олар саудадан бастап туристік бизнеске дейін экономиканың түрлі секторларын қамтиды. Шағын жəне орта бизнесті негізгі қолдау «Бизнестің жол картасы-2025» жəне «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында жүзеге асырылады. 2019 жылы жəне биыл осы бағдарламалар бойынша қолдауға ие болған кредиттік портфельдің жалпы көлемі 372 млрд теңгені құрап, 5,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды», - деді ол.
Вице-министрдің мәліметінше, шағын және орта бизнестің үлесі 29,5 пайызды құрайды. Экономиканың бұл секторында 3 миллионнан астам адам жұмыс істейді.
«Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдау үшін жедел шаралар қабылдауда. Енді аталған екі бағдарлама бойынша берілетін несиенің пайыздық мөлшері 6%-дан аспайды. Бизнес жобаларын кеңінен қамту үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды. Бір кәсіпкерге берілетін несиелік қолдау мөлшері 7 млрд теңгеге дейін көбейтілді. Бағдарлама аясында айналым қаражатын толықтыру 500 млн теңгеге дейін ұлғайтылды және жаңартылып отырады. Бұл ретте сауда қызметіндегі субъектілер үшін айналым қаражатын толықтыру 100 млн теңгеге дейін жетеді», - деді вице-министр.
Сондай-ақ Жасұлан Мәдиев төтенше жағдай кезінде кімдердің салықтан босатылатынын айтты.
- 1. Ірі сауда орындары, ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер және спорт нысандары, қоғамдық тамақтану саласы, қонақүй және туристік қызмет саласында жұмыс істейтін салық төлеушілер мүлік салығынан босатылды.
- 2. Салықтөлеу режимінде жұмыс істейтін дербес кәсіпкерлер жыл соңына дейін жеке табыс салығын төлеуден босатылды.
- 3. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында ірі қара мен биологиялық актив импорты қосымша құн салығын төлеуден босатылды.
- 4. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылар ауыл шаруашылығы жерін пайдаланғаны үшін салық төлемейді.
- 5. 2020 жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар тауарларға ҚҚС 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетілді.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан