«Қарызсыз қоғам»: Үкімет халықтың қарызға батпауының қалай алдын алады

Автор: Аманалина Тоғжан

17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер ашылып жатыр

Фото: inbusiness.kz

Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Қарызсыз қоғам» жобасы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе өте өзекті, сондықтан ол жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді. Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында халықтың шамадан тыс қарыз алу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Үкіметке «Қарызсыз қоғам» жобасын бүкіл елімізге ауқымды етуді тапсырды. Бұл ретте Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қажетті жұмыстар атқаруда»,- деді Ерұлан Жамаубаев.

Ол атағандай, арнайы Жол картасы әзірленді және бекітілді.

«Ол 6 негізгі бағыт бойынша 25 іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ, бірігіп іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік органдар мен «AMANAT» партиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Жол картасының әрбір бағыты бойынша жұмысты үйлестіру үшін әкімдіктерде жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді.

Республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің  17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құрылуда»,- деді ол.

Жамаубаев атағандай, жобалық офистердің негізгі міндеті кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ, азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру.

«Әкімдіктер жобалық офистердің жұмысы үшін қажетті ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөледі. Оған банктер қаржылық жағынан ықпалдасатын болады. Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталып жатыр.

Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде. Ол үшін тиісті әдістемелер мен оқу құралдары дайындалады. Нәтижесінде осы бағыт шеңберінде 750 мың оқушы мен студенттерді оқыту жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер «Ауыл Аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие алу үшін тұрақты негізде кеңестер береді», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ