$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Адамдар қаржылық сауатсыздықтың кесірінен жағдайларын қиындата береді - Смайылов

Халық банктерге 9,2 трлн теңге қарыз

Адамдар қаржылық сауатсыздықтың кесірінен жағдайларын қиындата береді - Смайылов
Фото: golos-naroda.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов халықтың қаржылық сауаттылығын жақсарту іс-шаралары жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Халықтың шамадан тыс кредит алуы үлкен әлеуметтік-экономикалық проблемаға айналып барады. Биылғы 1-ші қыркүйектегі жағдай бойынша банктердің тұтыну кредиттерінің портфелі 9,2 трлн теңгені құраған. Бұл орайда бір қарыз алушыға шаққандағы берешектің орташа мөлшері шамамен 1,5 млн теңгені, ал проблемалық тұтыну кредиттері бойынша 1 млн теңгені құрайды», - деді Смайылов.

Ол атағандай, кейбір азаматтар мерзімі өтіп кеткен кредиттерін жабу үшін одан да жоғары пайызбен жаңа кредиттер алады.

«Осылайша, шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен бата береді. Ал банк кредит беруден бас тартқан жағдайда, олар пайыздық үстемесі өте жоғары микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Осылайша, адамдар қаржылық сауатсыздықтың кесірінен жағдайларын қиындата береді. Бұл мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды», - деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, жоба халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың кредит бойынша проблемалық берешектерін реттеуде және жұмысқа орналасуда консультациялық көмек беруге бағытталған.

«Қазірдің өзінде Қазақстанның 8 өңірінде 45 мың адам қаржылық сауаттылық негіздері бойынша білім алды. 2023-ші жылдың соңына дейін 60 мың азаматты қамту жоспарлануда. Алдағы 3 жылда 550 мың оқушы мен студентті қаржылық сауаттылыққа оқыту, мектептер мен жоғары оқу орындарының 8 мыңнан астам оқытушысын даярлау, банктер мен микроқаржы ұйымдарының 200 мың қарыз алушысына көмек көрсету жоспарланып отыр. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер «Қарызсыз қоғам» жобасындағы іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуі қажет», - деді ол.

Смайылов халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, кредит беру кезінде тәуекелдердің алдын-алу және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамалық түзетулерді пысықтап жатқанын айтты.

«Осыған байланысты мына мәселелерге назар аудару керек. Шамадан тыс кредит алу проблемаларын түбегейлі шешу үшін банктерде және алушылардың санаттарына қарай тұтынушылық кредит шарттары бойынша шектеулер енгізу қажет.

Микроқаржылық ұйымдардың, әсіресе «жалақыға дейін» қарыз беретін ұйымдардың шекті кредиттеу мөлшерлемелерін, сомалары мен мерзімдерін қайта қарау қажет.

Осыған байланысты, ұсынылып отырған барлық заңнамалық түзетулер пысықталып, жыл соңына дейін Парламентке енгізілуі тиіс. Аталған шаралар азаматтардың шамадан тыс қарыз алуын шектеуге және тұтыну кредиттерін беруде тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

Серіктес жаңалықтары