Тегін медициналық көмек үшін 20 млрд теңге бөлінеді
1 шілдеге дейін Қазақстандағы барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі

Міндетті медициналық сақтандыру қорына жарна төлемеген азаматтарға ем-шаралар жүргізу үшін қор өз ішкі резервінен 20 млрд теңге бөледі.
«Президент 1 сәуір мен 1 шілде аралығында азаматтарға сақтандыру мәртебесіне қарамастан, кез келген кепілдендірілген көмек пен сақтандыру жүйесіндегі көмекті алуы тиіс деп тапсырма берген. Бүгіннен бастап қазақстандықтар өз мессенджерлері арқылы статустарын көре алады. 1 шілдеге дейін барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басшысы Айбатыр Жұмағұлов.
Бұл шамамен, 2,5 миллион қазақстандық тегін медициналық көмек алады деген сөз. Экономикалық жағдайға байланысты бұл санаттағы адамдар саны көбеюі мүмкін. Қазір елімізде шамамен, 16,4 миллион адам сақтандырылған.
Еске салсақ, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан