Социалистік Еңбек ерлері «Қазақстанның Еңбек ерлерімен» бірдей жәрдемақы алады
Ардагерлер туралы заң жобасы Ұлы жеңіс күні мерекесіне дейін қабылдануы мүмкін
Бүгін Мәжілісте ардагерлер туралы заң жобасы мақұлданды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің баяндауынша, онда соғыс және тыл ардагерлеріне бірқатар қосымша артықшылықтар қарастырылған.
Мысалы, Социалистік Еңбек ерлерінің жәрдемақысы «Қазақстанның Еңбек ерлері» алатын ақшасымен теңестіріледі.
«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бар адамдарға 138,63 АЕК немесе 350 мың теңге сомасындағы арнайы жәрдемақы енгізілді. Бұл Қазақстанның Еңбек ерлері мен Социалистік Еңбек ерлері алатын жәрдемақы арасында үлкен айырмашылық тудырды. Осыған байланысты Социалистік Еңбек ерлері жәрдемақысын 74,65 АЕК-тен 138,63 АЕК-ке (367 мың 508 теңге) көтеруді ұсынамыз», - деді Б.Нұрымбетов бұл туралы Мәжілісте.
Ал Чернобыль АЭС зардабын жоюға қатысқан азаматтарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 5647 теңгеден 12 725 теңгеге өседі.
Заң жобасы бойынша, Ауғанстан жеріндегі және тағы өзге жауынгерлік әрекетке қатысқандар басқа ел аумағындағы әскери ұрыс ардагерлері санатына жатқызылады. Сонда 1992-2001 жылдары тәжік-ауған аумағындағы ТМД шекарасын күзеткен, 1968 жылы Чехословакиядағы қақтығысты реттеуге атсалысқан, таулы Қарабақ оқиғасында болған, Ирактағы бейбітшілік операцияларына қатысқандардың барлығы жоғарыдағы ардагерлерге теңестіріледі. Барлығы – 11 мыңнан астам адам.
Аталған категориядағы адамдардың бәріне 12 725 теңге жәрдемақы бекітіледі. Үй алу кезегіне тұрады, тегін медициналық көмек көрсетіледі және санаторияға демалуға жолдама беріліп тұрады.
Еңбек және әлеуметтік министрлігі Заң жобасы Ұлы жеңіс күніне дейін қабылданады деп болжап отыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан