$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жылыту маусымы басталмай жатып жеке үйлерде өрттен қаза тапқандар бар – Смайылов

Премьер-министр газ құрылғыларының жұмысына бақылауды күшейтуді тапсырды

Жылыту маусымы басталмай жатып жеке үйлерде өрттен қаза тапқандар бар – Смайылов
Фото: Алматы қалалық ТЖД

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Премьер-министр қыркүйек айында Алматы облысында 4 рет газ жарылысы болғанын, соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 12 адам зардап шеккенін, Абай облысында тұрғын үй секторында орын алған өрттердің саны 2 есеге дейін өсіп кеткенін, ал Шығыс Қазақстан облысында өрттен қаза тапқандардың саны артып отырғанын атап өтті. Өңірлер әкімдері Марат Сұлтанғазиев, Нұрлан Ұранхаев және Ермек Көшербаев қабылданып жатқан шаралар туралы түсініктеме берді.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, жылыту маусымы енді ғана басталды, алайда адамдардың өрттен қаза табу фактілері қазірдің өзінде бар.

«Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрт саны – 14%-ға, ал қаза тапқандар саны – 10%-ға өскен. Абай, Алматы, Жамбыл және Ұлытау облыстарында өрт оқиғалары өсіп отыр», — деді ол.

Сонымен қатар газ баллондарының жарылуы да жиілеп кетті. Биыл осындай 72 оқыс жағдай орын алды. Одан 119 адам зардап шегіп, 17 адам қаза тапты. Жарылыстардың негізгі себебі – газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау. 

Премьер-министр қазіргі уақытта газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау функциясы әкімдіктерге жүктелгенін еске салды. Атап айтқанда, өңірлерде газ-техникалық инспекциялар құрылған.

«Алайда, олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр. Бұл салада білікті мамандар мен қажетті жабдықтар жетіспейді. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері газ-техникалық инспекциялардың өкілеттіктерін кеңейту және оларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғау академиясының базасында осы салаға арналған кадрларды даярлау деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы керек», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы сондай-ақ елімізде жарамсыз газ баллондарын алып қою және утилизациялау тәртібі реттелмегенін атап өтті. Сонымен қатар оларды өзімізде өндіру мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Өнеркәсіп және Энергетика министрлігіне осы бағыттарда тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Премьер-министрдің айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесі өрт оқиғаларының көбіне жеке тұрғын үйлер мен қора-жайларда орын алатынын көрсетіп отыр. Онда негізінен егде жастағы адамдар мен балалар қаза табады.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов үйлерде газ датчиктерін орнату жұмыстарын және жеке тұрғын үй секторына рейдтерді күшейтіп, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі бойынша халықпен профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.

Қорытындылай келе, ол орталық жылыту жүйесіне қосылмаған әлеуметтік нысандардың жұмысын ерекше бақылауға алып, қоғамдық ғимараттар мен көппәтерлі тұрғын үйлерде орнатылған қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстарын аяқтау қажет екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары