Еліміздің күре жолдарында күніне 5-6 адам қаза табады – Смайылов

Үкімет басшысы бірқатар министрлікке нақты тапсырма берді

Еліміздің күре жолдарында күніне 5-6 адам қаза табады – Смайылов
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов жол апатын алдын алуға қатысты тапсырмаларды жүктеді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Биыл статистикалық деректер бойынша жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны   біршама төмендеген. Дегенмен, әлі де еліміздің күре жолдарында күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады. Әр цифрдың артында қаншама жанның өмірі мен денсаулығы тұр. Өкінішке қарай, бізде көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп деңгейі төмен. Біз жолдағы құқық бұзушылықтар үшін   қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып келеміз. Соған қарамастан, полиция жол бойында мас күйде рульге отырған және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған мыңдаған жүргізушіні ұстайды. Әрине, мұндай заң бұзушыларға барынша қатаң шара қолдану керек», - деді ол.

Премьер-министр атағандай, жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылау жүйесіндегі жағдай да мәз емес.

«Бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдарды толық пайдалану мүмкін болмай отыр. Кей жерлерде олар жетіспей жатса, кей жерде мүлдем жұмыс істемейді. Елді-мекендердегі камералар санын көбейткен жөн, ал республикалық маңызы бар автожолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді белсенді пайдалану керек. Сондықтан, жол қауіпсіздігін арттыру, жол апаттары мен өлім-жітім деңгейін азайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлеу біздің басты міндетіміз болып табылады», - деді ол.

Осыған байланысты Смайылов бірқатар тапсырма берді.

«Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүргізуі қажет. Осы талдаулар негізінде және жергілікті жағдайларды ескере отырып, жол апаттары жиі болатын учаскелерде жол қозғалысын қадағалауды күшейту жөнінде қажетті шаралар қабылдау керек. Сондай-ақ, жүргізушілердің өз бетінше дайындалу мүмкіндігін алып тастау мәселесін пысықтау қажет. Бұл қадам тиісті нәтиже берген жоқ. Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, жүргізуші куәлігін алу емтихандарының   сапалы өткізілуін қамтамасыз ету керек. Өткен аптада біз Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2028-ші жылға дейінгі тұжырымдамасын қарастырдық, онда жол қауіпсіздігінің тұтас блогы көзделген», - деді ол.

Ол атағандай, Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылдау үшін Тұжырымдаманы және оны іске асыру жөніндегі тиісті Жоспарды пысықтауды аяқтауы қажет.

«Олардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Көлік министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жекеменшік таксидің, әсіресе, қалааралық бағыттардағы такси қызметін реттеу жөнінде қосымша шаралар қабылдауы қажет. Дәл осы тасымалдаушылар көбінесе жол жүру ережелерін елемейді және апаттық жағдайларға себепші болуда. Сондай-ақ, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу сапасын тиімді бақылау механизмін әзірлеу қажет. Өңір әкімдіктері қауіпсіз жол инфрақұрылымын қамтамасыз ету, камералардың санын көбейту жөнінде   қосымша шаралар қабылдауы тиіс. Автожолдар маңында мал жаюға қатысты елді-мекен тұрғындарымен жұмысты күшейту керек», - деді ол.

Смайыловтың айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі трассалық медициналық-құтқару пункттерін дамыту, оның ішінде мобильді жылжымалы бригадалар құру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.

«Жалпы Ішкі істер, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері, әкімдіктер жол қозғалысы  ережелері мен қауіпсіздікті сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.