«Өзің жазған заңды өзің оқымағансың ба?» - Нығматулин экология министріне тағы да ескерту жасады
Министр баяндамасынан кейін Мәжіліс төрағасының сын-ескертпесіне қатысты журналистерге жауап беріп, заңды оқығанын, дайындықпен келгенін айтты
Бүгін Парламентке заң жобасын таныстыруға келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Мәжіліс төрағасынан тағы да сөз естіді. Министр депутаттарға «Орхос конвенциясына» сәйкес қоршаған ортаға қатысты шешімдерге халықтың тікелей араласуын қамтамасыз ететін хаттаманы таныстырған еді. Сонда депутат Гүлнар Бижанова министр таныстырған кодекстегі бір сөйлемге тоқталып, сол туралы түсіндіруін сұрады.
«Заң жобасында өндіріс орнының зиянды қалдық бөлетін бөлігін зауыт аумағынан шығарып тастау туралы пункт бар. Бір-бірінсіз жұмыс істей алмайын технологиялық процестен оның бір шетін қалай ажыратып тастайсыз?» - деген сауал тастады.
Министр М.Мырзағалиев депутат Бижанованың нұсқаған мәтін бойынша қағазына үңілгені сол еді, Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин мен депутат Г.Бижанова сол пункті тауып ап, өзіне оқып берді. Сондай-ақ министр спикер тарапынан «Мәжіліске дайындалып келу керек» деген сын естіді. Тіпті арасында «Мамандығыңыз кім? Инженер болсаңыз технологиялық процесті түсінуіңіз керек» деп сөзбен түйреп өтті. Әрі қарай сөз таластырғысы келмеген министр «Келістім, жаңа экологиялық кодексте сіздер айтқан сындарды ескеремін» деп құтылды.
«Күніңіз текке өтпеді, Парламентке келдіңіз де өзіңіздің заң жобаңызды не жазылғанын білдіңіз. Соны түсіндіру үшін сізге қаншама уақытымызды жоғалттық. Заң қабылданғанда оның барлық өндіріске тікелей әсер ететінін түсініңіз», - деді Н.Нығматулин.
Министр баяндамасынан кейін Мәжіліс төрағасының сын-ескертпесіне қатысты журналистерге жауап беріп, заңды оқығанын, дайындықпен келгенін айтты.
«Біз Парламентке келер кезде дайындаламыз, құжаттарды оқимыз. Бүгін мүмкін маған қойылған сұрақты дұрыс түсінбеген шығармын. Одан кейін ұқтым. Депутат Бижанованың айтқаны дұрыс, жаңа экологиялық кодексте бәрін ескереміз», - деді ол.
Бірақ спикердің сөзіне ренжімейтінін, депутаттар сынын әрқашан дұрыс қабылдайтынын жеткізді.
«Намыстанбаймын. Оған себеп жоқ деп ойлаймын. Неге десеңіз, депутаттар халық өкілдері. Сондықтан олар сын айтса, біз оны орындауымыз керек», - деп жауап берді.
Айтпақшы, Мырзағалиевтің қорғаған заң жобасына келсек, ендігіде ауаға артық лас қалдық шығаратын 2200 ірі кәсіпорынның қоршаған ортаға зияны жайлы ақпаратқа халық ұдайы қол жеткізіп отырады. Ол үшін БҰҰ-ның ЮНИТАР ұйымының қолдауымен веб-сайт әзірленді. Базаға өндірістік қызмет түрінің 32, ластаушы заттың 26 түрі енгізілмек.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан