Сырт елдерде жүрген 5 мыңнан аса қазақстандықты елге әкелу мемлекет есебінен жүргізілмейді
Олар «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры есебінен елге оралуы мүмкін
Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен брифинг кезінде вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлім етті.
«Біз қазір шет елдерде жүрген бес мыңна аса қазақстандықты елге қайтаруымы керек. Әлем бойынша әуе рейстерінің көбі қысқарып жатқанда, оларды чартерлік рейстермен елге әкелу үшін күш салып жатырмыз. Айта кетейік, чартерлік рейстер мемлекет есебінен емес, «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының есебінен төленеді», - деді вице-премьер.
Ералы Тоғжанов хабарлағандай, 23 наурызға дейін 18 рейс арқылы төрт мыңнан аса қазақстандық турист елге оралады деген болжам бар. Шет ел асқан туристердің қалғаны кейінірек елге жетуі мүмкін.
«Туристік Қамқор» қорының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдың 17-19 наурызы аралығында Қазақстан аумағына 1350 турист қайтарылған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының басшысы Асылхан Есілов Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат беріп, туркоды жоқ туристерге көмектесе алмайтынын айтқан еді.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан