МАЭК-тегі энергетикалық жабдықтарды жаңғырту үшін 4,9 млрд теңге бөлінеді – Үкімет
Әлихан Смайылов МАЭК-тегі қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексеру үшін Ақтауға жұмыс сапарымен келді. Онда 3 шілде күні апаттық жағдайда №1 энергетикалық блоктың жұмысы тоқтап қалған болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
МАЭК Ақтау қаласының және Маңғыстау облысының басқа да елдімекендерінің тұрғындарын электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кәсіпорынның тұщыландыру кешені ауыз су, ыстық және техникалық су береді.
«МАЭК-тің негізгі энергетикалық жабдықтары өткен ғасырдың 60-90-шы жылдары пайдалануға берілген, оның тозу деңгейі бүгінгі күні 80%-дан асады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы кәсіпорынды жаңғырту туралы тапсырма берген болатын. Аталған жұмыс аясында әкімдік резервінен электр станциясының әбден тозған жабдықтарын, тұщыландыру қондырғыларының сорғы жабдықтарын және т. б. ауыстыруға 2,6 млрд теңге бөлінді», - делінген хабарламада.
Комбинатты аралау барысында Әлихан Смайылов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен «МАЭК» ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншәлиевтің ЖЭС-тегі қазіргі ахуал туралы, сондай-ақ болған апаттың салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдады. Жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатқаны атап өтілді, 7 шілдеде энергия блогын толық жұмыс режиміне шығару жоспарланып отыр.
Премьер-министр МАЭК-тің энергетикалық жабдықтарының тозуынан жабдықтар жиі істен шығып, апатты жағдайларға әкелетінін атап өтті. 3 шілдеде №1 энергоблоктың тоқтап қалуы салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстарындағы нысандар жарықсыз қалды.
«Үкімет энергетикалық жабдықтарды жаңғырту үшін 4,9 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын арттырады. Әкімдік барлық өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын тез арада қалпына келтіруі қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Еске салайық, 3 шілдеде еліміздің батысындағы өнеркәсіп орындары мен кейбір елдімекендер жарықсыз қалды. Мамандар мұны «МАЭК» ЖШС-нің жылу электр орталығындағы бірінші энергоблоктың апатты жағдайда өшірілуімен байланыстырды.
Мемлекет басшысы Мемлекеттік комиссияға Атырау мұнай өңдеу зауыты мен МАЭК-тегі апаттардың себептерін тексеруді тапсырды.
АМӨЗ бұл жағдайға қарамастан, жинақталған қор есебінен мұнай өнімдерін жөнелтуді жалғастырып жатыр.
2023 жылы ҚМГ кен орындарында электр қуаты жалпы 153 рет үзілген, бұл 75 мың тонна мұнай көлемінің өндірілімеуіне әкелді. Ал қайта іске қосу жұмыстарына жұмсалған шығынды ескере отырып, жоғалтқан шоғырландырылған қаржылық пайда 60 млрд теңгеден асады.