Бірқатар нысанда жылу беру маусымына дайындық жұмысы мерзімінен кешігіп жатыр – Үкімет басшысы
Әлихан Смайылов облыс әкімдерінің жылу беру маусымына дайындығы туралы есептерін тыңдады
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшыларының қатысуымен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Үкімет басшысы бүгінде дайындық жұмыстарының барысында өте мұқият қарауды қажет ететін проблемалық мәселелер туындап жатқанын айтты. Атап айтқанда, бірқатар объект бойынша жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жүруде.
«Бұл мәселені біз жақында өткен Үкімет отырысында талқыладық. Дегенмен өзара үйлесімді, бірлескен іс-қимылды бұдан да күшейту қажет. Сондықтан осы жұмыстардың барлығын тағы да мұқият қарап, тікелей шешім қабылдаймыз», — деді Әлихан Смайылов.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев республиканың бірқатар өңірінің жылу көздеріндегі проблемалық мәселелер туралы егжей-тегжейлі баяндады, ал индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова жылумен жабдықтау желілерін жөндеу барысы туралы айтып берді.
Премьер-министр «Атырау ЖЭО» АҚ-да №12 турбина өткен жылдан бері жөндеуде тұрғанын, ал №6 турбинада күрделі жөндеу жұмыстары әлі басталмағанын атап көрсетті. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов осы мәселе бойынша түсініктеме берді.
Оған қоса, Қарағанды облысындағы ЖЭО-да жөндеу жұмыстарының түрлері өзгеріп, мерзімдері ұзартылса, Маңғыстау облысында жекелеген қазандықтар мен турбиналарда жүргізіліп жатқан жұмыстардың кешігіп жатқаны, сондай-ақ «МАЭК» ЖШС-нің №2 энергетикалық блогын жөндеуге келісім-шарт жасалмағаны, Ұлытау облысы Жезқазған ЖЭО-сындағы қазандықты жөндеу 2024 жылға шегерілгені және №8 қазандықты күрделі жөндеу мерзімдерін ауыстыруға байланысты тиісті резерв қамтамасыз етілмегені айтылды. Өңірлер әкімдері Ермағанбет Бөлекпаев, Нұрлан Ноғаев және Берік Әбдіғалиұлы қабылданып жатқан шаралар туралы түсініктеме берді.
Сонымен қатар Үкімет басшысы СҚО-да «Севказэнерго» АҚ-ның 2-ші ЖЭО-сындағы №9 қазандыққа жөндеу жүргізіліп жатқанын, ал Түркістан облысында Кентау ЖЭО-сының 4 қазандығын күрделі жөндеу жоспарланғанын, алайда бұл ретте ЖСҚ әлі де мемлекеттік сараптамадан өту сатысында екенін атап өтті. Өз кезегінде Айдарбек Сапаров пен Дархан Сатыбалды көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме берді.
Отырыс барысында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйледі.
Қорытындылай келе, Премьер-министр жылу беру маусымына дайындық мәселелері үлкен әлеуметтік маңызға ие екенін атап өтті, сондықтан қазірден бастап ірі апаттардың алдын алып, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін қажетті шараларды қабылдау қажет.
«Атап айтқанда, ЖЭО және желілер иелерімен тікелей, тығыз жұмыс жасау маңызды. Мемлекет тарапынан станциялардың өтінімдеріне сәйкес тарифтер бекітілді. Бұл қаржыландыруды тартуға және жаңғырту жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы энергетика саласын бақылауды күшейтудің және тиісті өңірлік штабтар жұмысының маңызын атап өтті.
Кеңес соңында Үкімет басшысы бірінші вице-премьер Роман Склярға және энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын жеке бақылау үшін республиканың энергетикалық нысандарын тексеруді тапсырды.
«Роман Васильевич, бүгінде сіз кесте бойынша Павлодар облысының энергетикалық нысандарын, оның ішінде Екібастұз ЖЭО-сын тексеруіңіз керек. Кеңес аяқталғаннан кейін тез арада жолға шығуыңызды сұраймын. Келесі аптада Алмасадам Майданұлы Риддер және Кентау ЖЭО-ларына барады», — деп түйіндеді Премьер-министр.