Жұмыстан шығуға мәжбүр болған азаматтар алты ай бойы МӘМС қорынан қаржылай көмек алады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдайға байланысты кәсіпорындар қызметкерін жұмыстан шығарғысы келсе, оған бір ай бұрын ескерту керек екенін айтты. Ал, қызметінен босаған азаматқа жұмыс берушілер бір айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуі керек.
Арада бір ай өтіп, жұмыстан кетуге мәжбүр болған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік-сақтандыру қорынан 6 ай қаржылай көмек алуға болады.
«Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру заңына сәйкес, жұмыс істеп жүрген азаматтар жұмыстан шығып қалса, оның шығу себебіне қарамастан, сол қордан алты ай бойы жұмысын жоғалтқанына қатысты әлеуметтік төлем алуына мүмкіндігі бар. Оның мөлшері - сол жоғалтқан жалақының 40%-ына дейінгі мөлшерді құрайды. Бұл үшін жұмыстан айрылып қалған азамат жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелсе жеткілікті», - деп түсіндірді министр.
Жұмыссыз ретінде онлайн тіркеуден де өтуге болады. Сондай-ақ Еңбек министрі бұған дейін төтенше жағдай кезінде қашықтан жұмыс істейтіндер мен қысқартылған жұмыс режиміне көшетіндердің жалақысы жайлы түсіндірген еді.
Өкінішке қарай, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шарты жасалмаған болса, онда қызметінен босап қалған азамат 1 айлық өтемақыны да, ең төменгі жалақыны да талап ете алмайды. Әлеуметтік сақтандыру қорына жарна аударып тұрмағандықтан, ол жерден де ақша алуға мүмкіндік жоқ.
«Бұл мәселені біз ылғи айтып жүрміз. Егер жұмысқа тұратын болсаңыз, бірінші кезекте жеке еңбек шарты жасалуы тиіс. Еңбек шартынсыз адамды жұмысқа салуға тыйым салынады. Екі тарапқа да ыңғайлы деген оймен қолма-қол ақша алып, шартсыз жұмыс істеп жүргендер өз құқығын сақтай алмайды. Сондықтан, еңбек заңдылығы талаптарын да орындау мүмкін емес», - деді министр.
Айта кетейік, 2020 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда 15 137 азамат жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем алатын болды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан