«Қазірдің өзінде кей өңірде күрделі жағдай қалыптасып отыр»: Смайылов өрт қаупі жайлы
Премьер-министр төтенше жағдайдың алдын алу керек екенін айтты
Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде өрт қаупі бар. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазгидрометтің болжамы бойынша биылғы жаз мезгілі жылдағыдан ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр.
Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Сондықтан, төтенше жағдайлардың алдын алуға баса көңіл бөлу керек. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде күрделі жағдай қалыптасып отыр», - деді Смайылов.
Премьер-министр өткен аптада Қазақстанның солтүстігінде және Ресейдің шекаралас аймақтарында болған өрттің түтіні Елордаға дейін жеткенін айтты.
«Ал табиғи өрттерге қарсы дайындық шаралары талапқа сай болмай тұр.
Біз мұның қайғылы жағдайларға әкеп соғатынын көріп отырмыз. Мәселен, өткен аптада ғана Іле-Алатау ұлттық паркінде болған өртті сөндіру кезінде сержант Арслан Құрманбеков қаза тапты.
Үкіметтің және жеке өз атымнан марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі қайтыс болған сержанттың отбасына көмек көрсетуі қажет», - деді ол.