Карантинге жатқызылатын өнімнің барлығы кері қайтарылды
2 наурыздан бастап ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қытайдан сүйекті, шекілдеуікті және цитрусты дақылдарды (ЕАЭО СЭҚ ТН кодтары 0808, 0809 және тиісінше 0805) әкелуге уақытша тыйым салды. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды.
Тыйымды енгізуге Қытайдан Қазақстан аумағына кіргізілетін өнімдерде «карантиндік объектілердің» жүйелі түрде анықталуы негіз болған.
«Фитосанитарлық шаралар жөніндегі Халықаралық стандарттың ережелеріне сәйкес ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті ҚХР-ның Бас кеден басқармасының атына карантинге жатқызылған өнімді алып келу кезінде халықаралық және бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылуы туралы нотификация жолдады. ҚХР карантиндік қызметі ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті жолдаған ресми хабарламаны қарастырып, әрекет ету шараларын күшейтуді ұсынды», - делінген ақпаратта.
Атап айтқанда, Қытай тарапы жүйелі сипатта болған бұзушылықтар жекелеген жеміс-жидек бақшаларының карантиндік объектілерге қарсы алдын алу шараларын жүргізбеулеріне байланысты екенін анықтады.
Анықтама:
2019 жылы Қазақстан аумағына ҚХР-дан карантинге жатқызылған өнімді алып кіруде 52 бұзушылық анықталды, оның ішінде 7 карантиндік организмдер, 22 фитосанитариялық сертификатсыз өнімді кіргізу жағдайы, 13 карантинге жатқызылған өнімнің орамасында маркировканың болмауы, 3 фитосанитариялық талаптардың бұзылуы, 4 фитосанитариялық сертификаттың сәйкессіздігі және 3 карантинге жатқызылған өнімнің тексеруге ұсынбау жағдайы.
Барлық көрсетілген жағдайда карантинге жатқызылған өнімді (12 мың тауар бірлігі) кері қайтарырылды. Сонымен қатар, 2 млн теңгеге 27 айыппұл салынды.