Экологиялық кодекс: Мағауов пен Мырзағалиев неге келісе алмай жатыр?
Жаңа экологиялық кодекс туралы пікір екіге жарылды

Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан жаңа Экологиялық кодекс мұнай-газ және тау-кен ісі саласындағы компаниялардың бас ауруына айналды. Бірнеше айдан бері түрлі пікірталас алаңдарында талқыға түсіп жатқан заңға бүгін «Kazenergy» ассоциациясында өткен жиында кәсіпорын өкілдері тағы да сын-өкпелерін айтты. Себебі, кодекс талап еткен «ең озық қолжетімді технологияларды» (әрі қарай ОҚЖТ – авт.) енгізіп, зауыттардың қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарын азайтатын құрылғылар орнату аса қымбатқа түседі. Ал орта деңгейдегі компаниялардың табысы кеткен шығынды ақтамайды. Оның үстіне, жаңа кодекс бойынша экологияға келтірген зиян үшін салынатын айыппұл көлемі 10 есеге артады. Бірақ экология министрлігі бастаманы соңына дейін жеткізуді көздеп отыр.
«КОДЕКС КӨПТЕГЕН КОМПАНИЯЛАРДЫ ЖАУЫП ТЫНАДЫ»
«Kazenergy» ассоциациясының департамент директоры Яромир Нарынбаев кодекстің қатаң талаптары мұнай компанияларының жұмысының тоқтап қалуына соқтырады деп есептейді.
«Көптеген кәсіпорындар жабылуы мүмкін. Концепцияны талқылағанда біз мұнай өндіру, өңдеу, тау-кен, жылу энергетикасы саласындағы 26 компанияның мүмкіндігін зерттедік. Егер олар Ресей тәжірибесі арқылы ОҚЖТ-ны енгізсе, 3 трлн теңге инвестиция табуы тиіс. Ал бұл ақшаны қайтарудың жалғыз жолы ретінде қоршаған ортаға келтірген зиян үшін алынатын салықтан босату ұсынылып отыр. Бірақ ол арқылы қаржының тек 1 %-ын немесе 32 млрд теңгесін ғана өндіріп алуға болады. Оның үстіне, мұнай кен орындарының көбі ескі, алда ол жерлерде мұнай қоры таусылады. Сәйкесінше, шығынды өтеп үлгермейді», - деді ол.
«Kazenergy» шығынның ең болмағанда 41%-ын жабу үшін Үкіметтен бірнеше жеңілдік сұрады.
«ОҚЖТ-ны енгізгенде қосымша экономикалық жеңілдіктер берілсін. Модернизация жүргізу үшін алынған мүліктерге, жер учаскелеріне салынатын салық алынып тасталуы керек. Модернизацияға деп әкелінген тауарларға кедендік салық болмағанын қалаймыз. Егер осындай жеңілдіктер берілсе, онда құрылғыларымызды экологиялық талаптарға сай жасақтауға кететін шығынды 41%-ға төмендете аламыз», - деді бұл жайында Я.Нарынбаев.
Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов та бұл пікірмен келіседі.
«Еліміздегі ең ірі кен орнынан басқалардың көбінде мұнай таусылуға жақын. Ақтөбе, Қызылорда облыстарында өндіру көлемі соңғы 3-4 жылда 5-6 млн тоннаға төмендеді. Аталған кен орындарына қосымша қаржылық салмақ түсіріп, жаңа технологиялар енгізуге мәжбүрлеу олардың 10 жылдан кейін емес, 3 жылдан кейін жабылып қалуына соқтырады. Сондықтан ОҚЖТ-ны жаппай емес, таңдап енгізу керек сияқты», - деді Ә.Мағауов.
Сондай-ақ вице-министр мұнай өндірушілер тау-кен саласындағылармен салыстырғанда бюджетке көп ақша төлейді деп ренжиді. Алайда, мұнай шығатын аймақтардың экологияға келтіретін зияны салыстырмалы түрде аз екен.
ТАРИФ ҚЫМБАТТАЙ МА?
«Самұрық-Энерго» компаниясының басқарушы директоры егер кодекс осы күйінде қабылданатын болса, электр энергиясы тарифтерін қымбаттатуға мәжбүр болатынын көптен бері айтып келеді. Акционерлік қоғамның активтер мен өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Серік Түтебаев онсыз да түскен ақшаның бәрін жөндеу жұмыстарына жұмсап жатқандарын түсіндірмек болды.
«Біздің тарифтерден басқа пайдамыз жоқ. 2009 жылы біздің тарифімізді көтеріп берген еді. Бірақ сол ақшаның бәрін жылу электр станцияларын жаңартуға жұмсадық. 5 жыл ішінде 1500 МБТ энергия өндіретін жағдайға жеткіздік. Ал қазір профицит (шамадан тыс өндіру – авт.). Сол кезде де экологиялық құрылғыларды жөндеуге кеткен ақшаның бәрін тексеретін. Сөйтіп, біз инвестиция арқылы құйған қаржыны қайтарып алғанбыз», - дейді С.Түтебаев.
Ал қазір шығынды тарифті жоғарылату арқылы өтеуден басқа жол жоқ көрінеді.
«Қазіргі кодекс бойынша салмақ тарифке түспек. «Шығыныңды сол тарифке қосып жібер» дейді. Ол бізге қиындық туғызады. Себебі, бүгіннің өзінде ақша жетпей жатыр. Бір-екі жылдан бері энергетиктерді «сөгіп» жүріп тарифті төмендетті. Апатты жағдайдағы станциялар көп. Егер кодекс талаптарын қабылдасақ, негізгі жөндеу жұмыстарына да ақша жетпей қалады», - деді компания өкілі.
Сондықтан экология министрі энергетиктерге халыққа екі түрлі бағамен тариф ұсыну жайлы бастама көтерген екен. Біріншісі – дәстүрлі энергия көзінен алынған қуат тарифі, екіншісі – қайта өндірілетін көзден келетін қуат тарифі. С.Түтебаев экология мәселесін алға тартсаң да, халық бәрібір арзанын таңдайды деген пікірде.
Естеріңізге салсақ, былтыр жаңа экологиялық кодекс электр энергиясы бағасының қымбаттауына әкеп соғатынын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов те айтқан.
МИНИСТРЛІК АЛҒАН БЕТІНЕН ҚАЙТПАЙДЫ
Экологиялық кодекс Мәжілістің жұмыс тобында өзгеріске ұшырауы мүмкін. Дегенмен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаның пайдасы үшін өз тұжырымдамаларының өзгеріске ұшырағанын қаламайды.
«Біз әкімшілік айыппұлды 10 есе көтеріп жатырмыз. Соны кәсіпорындар көп деп есептейді. Енді мәселені Мәжілістің жұмыс тобы қарайды. Дегенмен, біз айыппұл мөлшері осы деңгейде қалу керек деп есептейміз. Ал компаниялар экологиялық заңнаманы бұзбауға іс-әрекет жасауы тиіс. Айыппұл салуға жеткізбейтіндей жұмыс істеуі керек», - деді вице-министр Ахметжан Пірімқұлов.
Министрлік компанияларға өз кәсіпорындарын экологиялық талапқа келтіруге қосымша уақыт беріп, бірқатар ұсыныстарын қабылдауға дайын.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан