Елімізде айына 5 млн медициналық маска шығарылады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев Қазақстанда медициналық маска шығаратын 5 кәсіпорын бар екенін айтты. Олар – Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарында. Зауыттардың өндірістік қуаты күніне 170 мың маска шығаруға жетеді. Қазір айына 5 млн маска өндіріп жатыр. Вице-министр олардың санын енді 6,5 миллионға дейін жететінін айтты.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов дәріханаларда маска табу қиындап кеткенін жоққа шығармайды.
«Коронавирус туралы алғаш ақпарат тараған кезде ажиотаж (дүрлігу – авт.) туып, адамдар жаппай маска сатып алған жағдайлар болды. Сондықтан, кей дәріханаларда тапшылық болды. Коронавирустың алдын алу үшін Үкіметтің резервінен бөлінген 2,1 млрд теңге бар. Қамтамасыз етеміз», - деді Е.Тоғжанов.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 20 ақпаннан бастап сыртқа маска сатуға тыйым салынғанын мәлімдеді. Себебі, пайда табу мақсатында алып-сатарлықпен айналысатындар көбейіп кеткен.
«Адамдар сатып алып, посылкамен (тауарларды шет елдерге жіберу – авт.) жіберіп жатты. Біздің өндіруші компаниялар да сырт елдерге шығарды. Сол себепті экспортты шектедік. Сондай-ақ ведомствоаралық комиссия медициналық құралдарды да сыртқа сатуға уақытша тыйым салу мәселесін қарады. Екінші мәселе - импорттың шектелуі. Басқа елдер, оның ішінде Қытай да маска экспорттамай жатыр», - деді Денсаулық сақтау министрі.
Министр маскамен бірінші кезекте медициналық орган қызметкерлері, науқастар қамтамасыз етілетінін ескертті. Сондықтан, бір адамға 10-нан артық маска сатпауға шешім қабылданған.
«Аптекаларда медициналық масканың бар-жоғын тексеруге құқығымыз жоқ. Біз тек бағаны бақылай аламыз. Алайда, өндіріс тоқтап қалмас үшін бағаны шектемеу туралы шешім қабылдадық. Қымбаттаса да, дефицит болмасын», - деп қосты Е.Біртанов.
Бүгін Үкіметте маска өндіретін компаниялардың қатысуымен жиналыс өтіп, өндіріс көлемін арттыруға тапсырма берілмек. Себебі олардың бірінде шикізат жетіспейді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан