Қазақстанға коронавирус тараған елдерден жұмыс күшін тартуға тыйым салынады
Премьер-министр тиісті министрліктерге нақты төрт тапсырма жүктеді

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин әкімдіктер мен Еңбек министрлігіне коронавирус бойынша эпидемиологиялық қаупі жоғары елдерден жұмыс күшін тартуға тыйым салуды тапсырды. Үкімет отырысында ол аурудың алдын алу шараларын күшейту керектігін ерекше атады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықты коронавирус инфекциясын қорғау шараларын күшейтуді тапсырды. Әлемде жағдай қиын. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазіргі уақытта вирус 50-ден астам елде анықталды және өте жылдам таралуда. Қазір Қазақстанда коронавируспен ауырған адамдар жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыру қажет. Коронавирустың таралуы әлем экономикасына үлкен әсерін тигізіп отыр. Атап айтқанда, ол өнеркәсіп саласына, транзитке және саудаға, экспортқа теріс әсер етіп жатыр», - деді премьер-министр.
Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет басшысы тиісті министрліктерге бірнеше нақты тапсырма берді:
- Бірінші, Денсаулық сақтау министрлігі барлық мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтсін.
- Екінші, Сыртқы істер министрлігі елде осыған дейін жоспарланған ірі халықаралық іс-шараларды ауыстыру бойынша ұсыныстар енгізсін және коронавирус таралған елдер үшін транзиттік, электрондық, туристік визаларды беруді тоқтатсын.
- Үшінші, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі вирус жылдам таралып жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін. Сонымен қатар еліміздің фармацевтикалық кәсіпорындарында медициналық маскалар мен вирустан қорғау қосымша құралдарын шығаруды ұлғайтуды қамтамасыз етсін.
- Төртінші, өңірлердегі әкімдіктер мемлекеттік және жеке ұйымдарда, әсіресе, оқу орындарында халықты медициналық көмек көрсету ұйымдарында және сауда орталықтарында, базарларда эпидемияға қарсы шараларды күшейтсін.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 5 мыңнан астам шетелдік азамат басшылық қызметте жүр
Айта кетейік, 1 наурыздан бастап Үкімет келген азаматтарды карантинге жабатын елдердің санын көбейтіп, коронавируспен күресті күшейтудің 4-кезеңін іске қосты. Инфекция таралған жағдайда шұғыл әрекет ету мақсатында «Б жоспары» даярланды. Шекаралық бекеттерге қосымша 150 маман жіберілді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан