Жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту қажет – Премьер-министр

Azattyq Rýhy

Елімізде соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7 пайызға өскен

Жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту қажет – Премьер-министр
Фото ашық дереккөзден

Елімізде жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 миллион гектар жайылым қажет. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында айтты.

Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Мәселен, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7 пайызға өскен. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16 пайызды құрады. Сонымен қатар, ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 миллион бас ауыл шаруашылығы жануары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 миллион гектарды құрауы мүмкін.                 

«Республиканың 17 облысының ішінен жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста жайылымдардың тапшылығы байқалады, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында. Осыған байланысты, өткен жылы мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 миллион гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті», - деді министр.

Қазіргі уақытта Министрлік Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін қосымша 5 миллион гектар пайдаланылмайтын жерлерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісті.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ғарыштық мониторинг деректері негізінде Министрлік пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша 2023 жылға арналған жоспарды әзірледі.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайтарылатын жерлерді қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажеттігін атап өтті.

«Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елдімекендердің маңында жайылымдық жерлердің аз болуы жеке қолдағы мал басының өсуіне шектеу қойып отыр. Сондықтан, жайылымдарды тиімді пайдалану үшін жағдай жасау қажет. Жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту қажет. Қажет болса, жер қорынан учаскелер беру керек. Шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз ету мәселесін жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып шешу қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-министр жер қоры шектеулі аудандарда әкімдіктер жеке қожалықтарды кооперативтерге біріктіріп, малды қолда ұстау мәселесін пысықтауы тиіс екенін алға тартты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.