Үкімет ысырапшылдыққа қалай жол берілмегенін айтты
Мемлекеттік сатып алуларды электрондық форматқа көшірудің арқасында былтыр үнемдеу рекордтық көрсеткіш яғни 361 млрд теңгені құрады,-деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
«2019 жылы мемлекеттік сатып алулардағы үнемдеу рекордтық 361 млрд теңгені құрады. (2016 жылы – 173 млрд теңге, 2017 жылы – 250 млрд теңге, 2018 жылы – 311 млрд теңгеге) жеткен болатын», - делінген хабарламада.
Ал 2019 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуларға қатысушыларға талап өзгерген. Бұдан былай әлеуетті жеткізушінің қаржылық тұрақтылығы келесі сипаттамалар бойынша анықталады:
• салықтарды төлеуі;
• айналым қаражатының және негізгі қаражатының болуы;
• еңбекақы төлеу қорының болуы.
Мұндай ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінен автоматты түрде алынады. Осылайша, мемлекеттік сатып алуға тиісті қаражат айналымы, материалдық және еңбек ресурстары бар компаниялар ғана қатыса алады. Сонымен бірге, мұндай шара салықтардың түсуін арттырмақ екен. Сондай-ақ, шолу материалда 2020 жылдан бастап орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар жүйесі пилоттық режимде іске қосылатыны айтылады.
«1 қаңтардан бастап 4 орталық мемлекеттік органда (ҚР Қаржы министрлігі, Әділет министрлігі, ИИДМ, АШМ) және 5 жергілікті атқарушы органда (Нұр-Сұлтан қаласы, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай және Қызылорда облыстарының әкімдіктері) мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру бойынша пилоттық жоба қолға алынды»,-делінген үкімет сайтында.