Қазақстанда балабақшаларға бірыңғай кезек жүйесі іске қосылады
Үкіметте білім беру жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар қаралды
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте білім саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жекеменшік мектептерде оқу кезінде Жаппай оқыту қорынан (мектеп формасымен, тамақпен қамтамасыз ету және т.б.) көмек алуға мүмкіндік беруді ұсынды. Қазіргі уақытта бұл норма мемлекеттік мектептерде ғана қолданылады. Премьер-министр бұл ұсынысты қолдады.
Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған және мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға баруға мүмкіндігі жоқ отбасылардан шыққан балалар үшін тамақтануға ақы төлеу тетігін іске асыру мәселесі қаралды. Бұл шараны 2023 жылдың басында іске қосылатын «Отбасының цифрлық картасы» сервисі арқылы жүзеге асыру ұсынылды. Алдағы уақытта азық-түлік шығындарын төлеу үшін дағдарыс жағдайындағы отбасылардан шыққан балалар анықталады.
Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың қажетті ақпараттық жүйелерін интеграциялауды аяқтауды және осы бастаманы қаржыландыру тетігін пысықтауды тапсырды. Бұл ретте ол қаражатты мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін олардың тиімді игерілуін бақылауды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
«Президенттің тапсырмасы бойынша біз білім беруге қомақты қаражат бөлеміз және жаңа бастамаларды іске асыруға қосымша ақша бөлуге дайынбыз, бірақ сапа мен тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар орталықтандырылған деңгейде балабақшаларға бірыңғай кезекті іске қосу мәселесін талқылады, бұл бюджет қаражатын үнемдеуге және орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, екінші деңгейдегі банктер қосымшалары мен Egov арқылы кезекке тұру және тиісті жолдама алу қарастырылған.
Әлихан Смайылов бұл бастаманы қолдап, жаңа жүйеде ұйымдастырушылық тәртіпті, оның ішінде қосарланған кезекті болдырмауды, балалардың деректерін тексеруді және т. б. толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ кеңесте мектептерде ағылшын тілін оқытудың сапасын жақсартудың жаңа тәсілдері, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, білім беру ұйымдарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету, педагог-ассистенттердің арнайы штаттарын енгізе отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін балабақшалардың қолжетімділігін кеңейту, мектеп педагогтерін Жаппай оқыту қоры бойынша төлемдерді белгілеу бөлігінде кәсіби құзыретіне жатпайтын функциялардан босату, колледждердің техникалық базасын жаңарту, тәрбиешілердің мәртебесін және жалақысын көтеру мәселелері, сондай-ақ басқа да бірқатар бастамалар қаралды.