Бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемі алдағы 3 жылда шамамен екі есе өседі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 2025 жылға қарай қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-ына дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде жас ғалымдардың жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған бірінші байқау аяқталу сатысында. ҰҒК мүшелерінің құзыреттеріне қойылатын талаптар күшейтілді, олардың құрамы жаңартылды, жобаларды іріктеудің нақты критерийлері анықталды. Бүгінгі күні ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысының транспаренттілігі артты. Ғылымды қаржыландырудың өсуінің арқасында енді конкурстар жыл сайын өткізілетін болады.
«Өткен жыл білім және ғылым жүйесі үшін одан әрі даму векторларын анықтау тұрғысынан өте маңызды жыл болды. Біріншіден, еліміздің тәуелсіздік тарихында алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Екіншіден, 2025 жылға дейін білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Үшіншіден, білім беру жүйесін басқару, білім беру саласының басшыларын тағайындау тәртібі, сондай-ақ қаржыландыру жүйесін өзгерту бойынша нормативтік-құқықтық актілер қабылданды», - деді министр алқа мәжілісінде.