Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді
Қазақстандық шенеуніктер коронавирусқа байланысты Қытайға іссапарлармен бармайтын болды. Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин журналистермен өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Халықаралық көпшілік шараларды шектеу туралы айтып өтсек, Үкімет ҚХР-ға туристік сапарлар жасауға шектеу қойды, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің іссапарын шектеу туралы қаулы шығарды. Барлық халықаралық спорттық іс-шаралар, оның ішінде теннис турнирі өтпейтін болды. Қытайға теміржол қатынасы тоқтатылды», – деді Бекшин тілшілерге.
Айта кетсек, бүгін Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың тарап кетпеуі үшін бірқатар қорғану шараларын қабылдады.
Қазіргі таңда үкіметаралық комиссия жұқпалы ауруға қатысты өзгерістерді тәулік бойы бақылап отыр. 29 қаңтардағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Республикасында коронавирус жұқтырған азаматтар тіркелмеген. Бұл мәселе ел басшылығының аса бақылауында екені хабарланды.