Биыл Қазақстанда 10-нан астам жаңа автокөлік үлгілері шығарыла бастады
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Ұлттық автомобиль павильонын аралап, онда Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытудың 2020 жылға арналған жоспарларымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның автоөнеркәсібінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ ҚР және ӨР автоөндірушілерінің ынтымақтастығы туралы «Қазақстандық автобизнес қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті А. Лаврентьев, «Astana Group» бас директоры Н. Смағұлов және «Узавтосаноат» АҚ басқарма төрағасы Ш. Умурзаков баяндады.
2019 жылдың қорытындысы бойынша ҚР машина жасау саласындағы автокөлік өнеркәсібінің үлесі 26%-ды құрады (2018 жылы – 19%), жалпы құны 360 млрд теңгеге жуық 50 мың бірліктен аса техника өндірілді, 2,7 мыңға жуық автомобиль экспортталды.
Сатылымдағы қазақстандық автокөліктер үлесі 59%-ға дейін өсті (2018 жылы – 49%), ҚР-да ең көп сатылатын автомобиль брендінің 5-тен 4-уі – отандық өндірістікі.
Биыл Қазақстанда 10-нан астам жаңа автомобиль үлгілері шығарыла бастады. Автоөнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемін қысқа мерзім ішінде 100 мың автокөлікке дейін жеткізу көзделген, оның ішінде 10-15 мыңын – Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Беларусь, Әзербайжанға және басқа да елдерге экспорттау жоспарда бар. Алматы қаласында қуаттылығы жылына 45 мың бірлік болатын «Hyundai» зауыты ашылады. Автоөндірушілер автокөліктердің тұрғындар үшін қолжетімділігін арттыру шараларын қабылдайды.
ҚР Премьер-министрі А. Маминнің қатысуымен «Узавтосаноат» АҚ және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» арасында ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС мен «UzAuto Motors» АҚ арасында автокөліктердің құрауыштарын жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды.
Үкімет басшысына «Damas» автобусының, «Labo» жүк машинасының, сондай-ақ «Chevrolet» (Tahoe, Traverse, Trailblazer, Equinox, Malibu, Tracker, Onix, Spark және т. б.) автомобилдерінің модельдері таныстырылды, оларды Қостанай қаласында құрастыру жоспарланған.