Президент шетелдік жұмысшылар санын азайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды
Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасап жатқан премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың сөзін бөлген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оған шетелдік жұмысшылар туралы сұрақ қойды.
«Сұрағым бар. Жергілікті және шетелдік жұмысышыларға жалақы төлеу жөнінде теңсіздікке жол бермеу керек. Ол анық мәселе. Осы жұмыстардың нәтижесі бар ма, нәтижесі қандай?», - деді премьер-министрдің орынбасарына сұрақ қойған Президент.
Сапарбаевтың айтуынша, қазір Қазақстан бойынша 2010-ға жуық кәсіпорында шетелдік азаматтар жұмыс істейді. Ондағы қазақстандықтардың үлесі 96 пайыз екені белгілі болды.
«Сіздің (Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес - авт) тапсырмаңызға сәйкес, Еңбек министрлігі, Бас прокуратура жергілікті билік өкілдерімен бірігіп, шетелдік мамандар жұмыс істейтін кәсіпорындар арасынан 96 кәсіпорынды тексерді. Соның нәтижесінде, мыңға жуық заң бұзушылықтар анықталды. Бас прокуратураның көмегімен 550 астам шетелдік еліне қайтарылып, 470 еңбек шарты бұзылды», - дейді Сапарбаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, шетелдік жұмысшыларға берілетін квота саны биыл былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға азайған.
«Былтыр 49 мыңға жуық шетелдік азаматтар қазақстандық кәсіпорынға тартылса, биыл олардың санын 29 мың адамға дейін төмендеттік. Осыдан бес жыл бұрын Қазақстан кәсіпорындарына 100 мың шетелдік жұмысшы тартылған», - деді Сапарбаев.
Сонымен қатар, енді шетелдік маман шақырып отырған кәсіпорын сол маман келгеннен кейін екі жыл ішінде оның орнын басатын қазақстандық маманды оқытуға міндеттелген.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан