$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.04.2022, 12:49
Үкімет

Қазақстанда Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленіп жатыр

Бұл туралы бүгінгі өткен Үкімет отырысында мәлім етілді

Қазақстанда Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленіп жатыр
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында импортты алмастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Аталған мәселе бойынша индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, ведомство импортты алмастыруға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту мүмкіндіктеріне талдау жүргізді (өткен жылы импорт – $38,3 млрд). Импортқа тәуелділік деңгейін төмендету бойынша тиімді жұмыс жүргізген басқа елдердің тәжірибесі зерделенді.

«Өңірлердің әкімдіктерімен жұмыс жүргізгеннен кейін импортты алмастыруға, дайын өнімді экспорттауға бағытталған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Тізімге 700-ге жуық жоба кірді, оның 286-сы – импортты алмастыратын негізгі жобалар», - деп атап өтті министр.

Салалар бөлінісінде өңдеу өнеркәсібіне 108 мың жұмыс орнын құрумен, инвестициялар көлемі 20,5 трлн теңге болатын 633 жоба тиесілі. Биыл 165 жоба іске қосылады, қалған 498 жоба 2023 жылдан бастап 2026 жылға дейін жүзеге асырылады.

Оқи отырыңыз: Биыл еліміз өнеркәсіп саласына 1,7 трлн теңге инвестиция салады

Биылғы жылдың негізгі жобалары: Атырау облысында пропилен өндіру зауытының құрылысы, Қарағанды облысында автомобиль шиналарын өндіру зауыты, Ақмола облысында алтын өндіру фабрикасы және Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыты.

«Жобаларды іске асырудың нәтижесінде барлығы $9,1 млрд көлеміндегі өнім алмастырылады, шикізаттық емес тауар экспортының өсуі $17,2 млрд құрайды. Ферроқорытпалардың әлемдік экспортында 2-орынға шығу, болат импортын 75%-ға қысқарту, мақта өңдеуді 100%-ға дейін арттыру, сондай-ақ еден жабындары мен геосинтетика импортын 25%-ға алмастыру жоспарланып отыр», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін бизнесті қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асыру және дайын өнімді өткізуді ынталандыру көзделген.

Оқи отырыңыз: Жер қойнауын пайдаланушылар шикізатты отандық кәсіпорындарға жеткізуге міндеттеледі

Өз баяндамасы барысында ҚР АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық өндіріс есебінен азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрі бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 80%-дан астамды құрайтынын хабарлады.

Бұл ретте 2025 жылдың соңына дейін 24 ет комбинатын іске қосу, 8,2 мың га алаңда бақ салу бойынша 22 жобаны жүзеге асыру, 20 сүт өңдеу зауытын іске қосу, 23 құс фабрикасын салу және кеңейту, жаңа қант зауытын салу жоспарда бар.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-министр қазіргі геосаяси жағдайды ескеретін болсақ, Қазақстан экономикасы үшін импорттық өнімдерді алмастырудың маңызы өте зор екенін атап өтті.

Мәселен, бүгінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланып отырған компаниялардың біздің елімізде шығатын тауарлар мен жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үлесі 52%-ды құраса, соның ішінде қазақстандық қамтудың нақты үлесі 40%-дан аспайды.

Оқи отырыңыз: Елімізде қант өндірісі жеті есеге ұлғаяды – министр

Өткен жылы импорт шамамен 8%-ға өскен. Импорттың басым бөлігі – қосылған құны жоғары өнімдер болса, экспорттың дені – негізінен өңделмеген өнімдер.

«Қазақстанда бәсекеге қабілетті экономика құрамыз десек, біз осы бір үрдісті түбірімен өзгертуіміз керек. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ Үкімет басшысы ірі инвестициялық жобаларды іске асыратын компаниялардың айналасында шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылып, олар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік әсер беретінін атап өтті. 

Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, импорт алмастыру жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды уақытында жүргізіп беруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтау тапсырылды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 2025 жылға дейін 23 құс фабрикасы салынады

Бұған қоса, Сауда және интеграция министрлігіне СТ-KZ сертификаттарын алу тетігін қайта қарау, Білім және ғылым министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірге өндірістерді уақытында іске қосуды қамтамасыз ету үшін білікті кадрларды дайындау мәселесін пысықтау тапсырылды.

Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, айтылған тәсілдерді ескере отырып, 16 мамырға дейін Импортты алмастыру жөніндегі бағдарламаның жобасын пысықтап, Үкіметке енгізу тапсырылды.
 

Серіктес жаңалықтары